Ішкі істер министрлігі су тасқыны туралы жалған ақпарат таратқан азаматтар жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, күрделі су тасқыны жағдайына байланысты ТЖ режимі жарияланған сәттен бастап жалған ақпарат таратқаны үшін Маңғыстау және Қостанай облыстарында екі қылмыстық іс қозғалған. Екі факт бойынша психологиялық-филологиялық және фонетикалық сараптама жүргізуге қаулы шығарылды.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 13 факт анықталды.
Мәселен, 14 сәуірде Атырау облысының тұрғыны WhatsApp-та өңірдегі су тасқыны жағдайы нашарлап, Атырау облысын су басу қаупі төніп тұрғаны туралы аудиожазба таратып, нәтижесінде ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-бөлігі (жалған ақпарат тарату) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл 10 АЕК – 36 920 теңгені құрады.
Сондай-ақ 14 сәуірде Петропавл тұрғыны TikTok-та Подгордың су басқан ауданында қасқырлар мен қабандар пайда болды деген жалған бейнежазба жариялады. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төледі.
15 сәуірде Ақтау тұрғыны Махамбет ауданының Махамбет ауылына 300-ге жуық әскери қызметші келіп, жергілікті тұрғындар салған бөгетті қиратуға тырысқаны туралы хабарлама таратты. Бұл үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК – 73 840 теңге көлемінде айыппұл салынды.
16 сәуірде Петропавлдың тағы бір тұрғыны желіде Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде екі баланың қайтыс болғаны туралы бейнеролик жариялады, бұл ақпарат жалған болып шықты. Фейк хабар таратушы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төледі.
20 сәуірде Петропавл тұрғыны WhatsApp-қа эвакуациялық орталықтар орналасқан мектептердің қызметкерлері гуманитарлық көмекті өздеріне алып жатқаны туралы дыбыстық хабарлама жүктеді. Оған көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 10 АЕК айыппұл салынды.
Мұндай жағдай 21 сәуірде Петропавлда да тіркелді. Жергілікті тұрғын TikTok-та жалған ақпарат таратып, еріктінің гуманитарлық көмекті ұрлағаны туралы бейнежазба жариялады. Бұл үшін оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
22 сәуірде Петропавлдың тағы бір тұрғыны Instagram-да Сергеев су қоймасының толып кетуіне қатысты жалған ақпарат таратып, істегені үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төледі.