Әйелі Карина Мамашты ұрды деген күдікке ілінген Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаш қызметінен босатылды.
Карина Мамаштың жұбайы 6 мамырда елшіліктен Қазақстанға дереу қайтарылады деген тапсырма берілді. 9 мамырда елге келіп, шекарадан асқаннан кейін қолда бар заңға сәйкес біз оны өз лауазымынан босаттық, — деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Оның сөзінше, құқық қорғау органдары оған қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Әрине, біз ол қылмыстық іске араласа алмаймыз. Бүгін өзім Каринамен жеке кездестім. Бүкіл мән-жайды айтып берді. Сыртқы істер министрлігі Каринаға барлық көмекті көрсетеді. Біз онымен біргеміз. Ештеңеден қорықпа деп айттық, — деді министрліктің ресми өкілі.
Сәкен Мамаш дипломатиялық салада 15 жылдан астам қызмет еткен.