Қазақ халқы жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Айдарбек Қожаназаров еліміздегі асыл тұқымды жылқылардың саны азайып бара жатқанын айтты. Депутаттың сөзінше, Қазақстанда 50 жыл бұрын 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген, бұл барлық асыл тұқымды жылқылардың жалпы санының 9,7 %. Алайда бүгінде Қостанай жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды. 2014 жылы тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тоқтатылғаннан кейін Қостанай жылқыларының саны күрт азайып, жойылу алдында тұр. Бұл жағдай ұлттық ат спорты түрлерін дамытудың негізгі тежеуші факторларының бірі болып отырғанын айтты.
Осыған орай Мәжіліс депутаттары отандық жылқы тұқымын сақтау мен өсімін молайтуға бағытталған Заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдады.
Ал «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Анас Баққожаев қой шаруашылығындағы жүн өндіру көлемі 2 есе азайып кеткенін айтты. Ол қолдан ұрықтандыру қарқыны жыл сайын төмендеп жатқанын,елдегі қойдың көп бөлігі «асыл тұқымды» деген атына сай емес екенін, бұл шаруашылықтағы күрделі мәселе екенін алға тартты.
Автор: Ахбота Асылболат