Қарағанды өңірі тарихта талай өзгерістерге ұшыраған, бүкіл Кеңес Одағын көмірмен және басқа да кең байлықтарымен қамтып келе жатқан өңір. Осы өңірде сонау жас шағында 1993 жылдары «Ақыт қажы» мешітін ашып, медресе оқып діни білім алған, ақ көңіл Керейдің баласы, Оспан батырдың ұрпағы Жанарбек Мамбарұлы деген азамат тұрады. Жасынан мемлекетшіл, отаншыл азамат әр ісін елдің ертеңі, дамуына арнап келеді. 30 жылға жуық Абайды Монғолия мен Қытай қазақтарына танытқан ақын, ғұлама, ойшыл атамыз Ақыттың атындағы мешітті ұстап келе жатқан ерлігінің өзі неге жатады. Жамағаты қалыптасып, елге сыйлы, қоғамға құрметті Жәкең 2019 жылы бүкіл Керейдің басын қосып, «Керей молқы» халықаралық қайырымдылық қорын құрып, алғашқы Құрылтайында Сұрыптау кентінде өткізді. Бұл шараның бәріміз куәсі болдық. Құрылтай нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Оспан батыр Исламұлы атындағы әлемдегі жалғыз мешіт ашылды. Бұл істің де басы қасында Жанарбек Мамбарұлының болғанын анық білеміз. Бүгіңгі күні шартараптағы қазақтарды бірлікке шақырып, елімізге оралуға үгіттеп жүрген ұлтышлы азаматтың жасап жатқан жақсылықтары мен қайырымдылық шаралары туралы біреу айтар, біреу айтпас. Тіпті Сұрыптау кентінде қорым ашып, ҚМДБ бекіткен тәртіппен жерлеу рәсімін ұйымдастырып жүргенін де көрдік. Мәселе мұнда емес. Сол Жанарбектің бастамасымен 25 қазан күні Сұрыптаудың орталығында ақ шаңқан киіз үй тігіліп алғаш рет «Қымызмұрындық» мейрамы өткізілді. Мереке барысында Сұрыптау кенті маңындағы ауылдарда қымыз жасап жүрген азаматтар келіп, жиналған қауымға қымыздарын ұсынды. Білекті азаматтар кір тасын көтеріп, арқан тартып, асық ойнап, жілік шағып Сұрыптау Мәдениет үйінің әншілері ән салып тойдың көркін қыздырды. Кейіннен Ақыт қажы мешітінде аруақтарға құран оқылып, ас берілді. Әрбір жеңімпазға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар үлестірді. Айтпағымыз қазақтың ұлттық киімдерін киген әжелеріміз бен жолшыбай келе жатып келген жігіттерде байрақты бәсекеде өнер көрсетіп, ризашылықтарын білдірді. Ауылдастар жиналып жыл сайын дәстүрлі түрде «Қымызмұрындық» мерекесін өткізуге уағдаласты. Іс-шараны қолдаған ауыл, аудан әкімдігінің басшылары мен депутаттарға және кәсіпкер азаматтарға Жанарбек ағамыздың атынан және Сұрыптаулықтардың атынан алғысымызды білдіреміз.
Ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртуға бағытталған шараның өскелең ұрпаққа берері мол екені мәлім. Сондықтан да сәттілік тілеп бізде астанаға жол тарттық.
Асылбек Байжұмаұлы