Қазақстан Теннис федерациясы ресми хабарламасына сүйенсек, теннисші Елена Рыбакина Париж Олимпиадасына қатыспайтын болды. Спортшының жазғы ойындардан тыс қалуына денсаулығының сыр беруі басты себеп ретінде айтылған. Дәрігерлер оған жарысқа қатыспақ түгілі, додаға ұшып келуіне тыйым салды.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина:
– Париж Олимпиадасына қатыса алмай, сіздердің үміттеріңізді ақтай алмайтыныма өкінемін. Еліміздің қоржынын алтынмен толықтыру үшін Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалған едім. Барлық қазақстандық спортшыларға Парижде сәттілік пен табыс тілеймін! Мен барлық спортшыларымызды қолдаймын және олар біздің елімізді олимпиадаға лайықты түрде ұсына алады деп сенемін. Алға, Қазақстан! – деп жазды өз парақшасына. Дегенмен спорт саласының басы-қасында жүрген бақ өкілдері мен белсенділердің айтуынша, еліміздің бірінші ракеткасы бір апта бұрын ғана шетелде саяхаттап жүргенін парақшаларына жариялаған.
«Жанкүйерлер шулап, сын көбейген тұста Қазақстан теннис федерациясы Рыбакина бронхитпен ауырып қалды, жарысқа қатысу былай тұрсын, ұшуына болмайды деді. Артынша Рыбакинаның жазбаша мәлімдемесі шығып, кешірім сұрапты. «Уимблдоннан соң ауырып қалдым» дейді.
Мұндай мәлімденің бәрі шуды басуға көмектеспейді. Себебі спортшы бір апта бұрын Бодрумда демалып жүрген фото, видеоларын жариялаған. Ауырып жатса, жеребе тартылып қойған соң не үшін олимпиададан бас тартты? Жауап жоқ…» деп жазды журналист Руслан Меделбек.
Әрине, спорт пен саясаттың арасы бір-ақ қадам. Әлемнің жанкүйерлері асыға күтіп отырған дүбірлі дода басталмай жатып, қатысудан бас тартқан спортшының әрекеті белсенділер мен жанкүйерлерге де күмән тудырған секілді.
– Рыбакинаның кешірімі артық әңгіме болмау үшін жазылған секілді. Дәл жарыс уақытына келгенде «ауырып қалғаны» күмән тудырады. Әйтпесе, әр жарысқа барған сайын тексерістен өтетіні, үнемі дәрігерлердің қадағалауында екені белгілі ғой, – дейді белсенді Абзал Жолтерек.
Д.БӨКЕБАЙ