Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуге келген Қытайдың Цынь зянь ауыл шаруашылығы академиясының өкілдері Үкіметтің қолдауымен елдегі ғылыми-зерттеу университеттерінің ғалымдарымен кездесулер өткізуде. Бүгін Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Өсімдіктердің биологиясы және биотехнологиясы институты» мемлекеттік кәсіпорнында ат терлетіп келген қытайлық академия өкілдері профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Абай Сағитовты марапаттады.
Абай Оразұлы 1945 жылы 18 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Шар стансасында дүниеге келген. 1968 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) тәмамдаған. Биология ғылымының докторы (1988), профессор (1990), Қазақстан ҰҒА-ның академигі (2003). Ол 1968-1988 жылдары Қазақ Өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтында, 1988-2001 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ғылыми-педагог, басшылық қызметтер атқарды. 2001 жылдан Қазақ Өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры ретінде қызмет етіп келеді. Сағитовтың қатысуымен ауыл шаруашылығы дақылдарының нематофаунасының бірнеше іргелі ғылыми зерттеулері жүргізілді; жұмырқұрттарға қарсы шараларды интеграциялаудың теориялық және практикалық негіздері қаланды. ТМД елдерінде тұңғыш рет фитонематодтардан келетін шығынды болжау моделін құрудың концептуалды принциптерін ойластырған, сызықты экспоненциялды болжамдық моделінің жаңа алгоритмін және параметрлерін есептеу бағдарламасын жасаған ғалым 650-ден астам ғылыми еңбектерінің авторы.
Айта кетейік, профессор Қытайға барған іссапарында ЦинЗян губернаторы, Шыңжаң өндірістік және құрылыс корпусының партиялық комитетінің бірінші хатшысы, бірінші саяси комиссар Ма Синруиeмен жолығып, ортақ мәселелерді талқылаған еді. Еңбегі елеулі, ісі ілкімді ғалымды арнайы марапаттап жатқан Қытай Академиясы дрон аппаратын ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Абай Оразұлына жеке өзіне сыйға тартты.