Бүгін Астанада ядролық технологиялар мен атом энергетикасына арналған KazAtomExpo халықаралық көрмесі ашылды, деп хабарлайды Баймедиа.кз.
Қазақстандағы ядролық технологияларды дамытуға бағытталған шарада атом өнеркәсібі мен энергетикасының әлеуеті таныстырылу үстінде. Қоғамда белсенді түрде талқыланып жатқан атом электр станциясының құрылысына ниет білдіруші шетелдік компаниялардың ғылыми және кадрлық мүмкіндіктері талқыланған көрме сондай-ақ атом саласына мамандар дайындайтын Қазақстанның жетекші университеттерінің ғылыми және кадрлық әлеуетін көрсетті.
Айта кету керек, KazAtomExpo-2024 көрмесінің ерекшелігі – елімізге атом электр станциясын салуға арналған технологияларды жеткізушілер ретінде қарастырылатын әлемдік жетекші компаниялардың қатысуында. Олардың қатарында «Қытай ұлттық ядролық корпорациясы» (CNNC), «Кореяның су және ядролық энергетикалық корпорациясы» (KHNP), «Électricité de France» (EDF), сондай-ақ ресейлік «Росатом» мемлекеттік коорпорациясы бар. Аталған компаниялар өздерінің инновациялық әзірлемелерімен таныстырып, тәжірибелерімен және атом энергетикасын дамыту жоспарларымен бөлісті.
ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «ҚазАтомЭкспо» көрмесінің еліміздің атом энергетикасын дамытудағы маңыздылығын атап өтті. Ол атом энергетикасы Қазақстан үшін негізгі қуат көзіне айналып, энергетикалық жүйенің тұрақты дамуына ықпал ете алатынын атап өтті. Министр сондай-ақ, атом энергиясын пайдалану кезінде экологиялық аспектілердің маңыздылығына тоқталып, атом электр станциясын салу бойынша жоспарланған республикалық референдумды еске салды.
«Ең маңызды міндет – жалпы ұлттық референдум өткізу. Біз әрбір азаматқа өз пікірін білдіріп, энергетикалық жүйеміздің болашақ даму жолын анықтауға мүмкіндік бергіміз келеді. Бұл референдум Қазақстанның атом энергетикасының болашағын айқындаудағы маңызды қадам болмақ.
Еліміз төмен көміртегін дамыту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін бірқатар стратегиялық құжаттарды қабылдады. Бұл құжаттарда баламалы және жасыл энергия технологияларына инвестицияны ұлғайту, көмір өндіру үлесін кезең-кезеңмен қысқарту және 2060 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері мен баламалы энергия үлесін арттыру қажеттігі туралы айтылады», – деді министр.
Сонымен қатар халықаралық көрмеде Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев атом электр станциясы жайлы пікір білдірді. «Жылу электр орталығының АЭС-тен айырмашылығы одан шыққан күлді қайтадан қолдануға болмайды. Ал АЭС қалдықтарын болашақта жаңа АЭС түрлеріне қолдануға болады. Яғни, ол дайын тұрған отын саналады. Міне, осы технологиялар қазір әлемде дамып келеді. Біздің мамандарымыз да АЭС-тен шыққан отын қалдығын сақтау технологиясын меңгерген.
Мысалы, қазіргі таңда Франция пайдаланылған отынды қайтадан кәдеге жаратып отыр. Біздің ғалымдар да 2-3 жыл болды, осы технологияны зерттеуге кірісіп кетті. Меніңше, таяу 2-3 жылда өз зерттеулерімізді қосып, мүмкін АЭС салынбай тұрып-ақ отын қалдықтарын қайта өңдеу технологиясын шығаруымыз мүмкін» деді ол.