Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховты қабылдады
Дмитрий Малаховтың баяндамасынан:
- қылмыстық жолмен түскен кірістерді жылыстатуға қарсы күрес саласында 5,7 мыңнан астам тұтынушымен іскерлік қарым-қатынас тоқтатылған;
- криптовалюта айырбастайтын 1,5 мыңнан аса заңсыз онлайн-сервис анықталып, бұғатталған;
- 49 заңсыз майнер әшкереленген. Қазір оларға қатысты тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр;
- террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаржы аударуға қатысты 1,2 мың әрекет анықталып, оларға шектеу қойылған.
- 41 қаржы пирамидасы жойылып, зардап шеккендерге 4,6 миллиард теңге қайтарылған;
- алаяқтық белгілері бар 8 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталып, 4,8 мың онлайн-казино сайтының қызметі тоқтатылған;
- екінші деңгейлі банктермен және қаржы реттеушілерімен бірлесіп, 21 жасқа толмаған азаматтардың букмекерлік кеңселерге төлем жасау мүмкіндігін автоматты түрде шектеу тетігі енгізіліп жатыр;
- 74 миллиард теңге көлемінде негізсіз бюджет шығындарының алдын алып, заңсыз қолма-қол ақшамен айналысатын 59 «көлеңкелі» алаң қызметі тоқтатылған, сондай-ақ 7 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылған және сотқа дейінгі тергеу амалдарының аясында 141 миллиард теңге көлемінде келтірілген залал өтелген. Сонымен қатар капиталды заңсыз шығаруға қарсы іс-қимыл саласында жалпы сомасы 276 миллиард теңгені құрайтын активтер қайтарылған;
- агенттік алдағы уақытта заңсыз шығарылған активтерді қайтару және адал кәсіпкерлердің ісіне араласпай, «көлеңкелі» экономикадағы қылмыстардың жолын кесу жұмыстарына баса мән береді;
- Қаржылық мониторингті дамыту тұжырымдамасын және Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру, жылыстату жүйесін FATF (ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы) халықаралық стандарттарына толық сәйкестендіру үшін шаралар қабылданады.
Қасым-Жомарт Тоқаев адал бизнесті қорғау шараларын күшейту қажет екенін ерекше атап өтіп, Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.