Биыл Қазақстанда 12 млн жуық шетелдік турист демалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Түскен табыс та едәуір жоғары. Үкімет жариялаған ресми ақпаратқа сәйкес, туристер орналасқан нысандардың жалпы кірісі 27 пайызға өсіп, 224 млрд теңгеге жеткен. Ал туристер қайда демалып жатыр? Саланы дамытуға мемлекеттен қолдау қандай?
Қазақстанға келген шетелдік турист санының екі есеге артуы жақсы көрсеткіш. Жыл санап ел ішінде саяхаттайтын қазақстандықтардың саны артуда. Ішкі туризм дамып келеді. Халық көбіне Алматы, Астана қалалары мен Алматы, Жетісу, Ақмола облыстарына жиі барған. Жалпы биыл тоғыз айда 6 миллионға жуық адам ел ішінде саяхаттаған. Алакөлдің шипалы суына шомылып, Көлсай көлдерінің тұмса табиғатын, Қайыңдының кереметін, Бурабай баурайындағы ғажайыпты көзбен көруге келетіндер көп. Туризмге салынған инвестиция да қарқынды өсіп келеді. 2024 жылдың 10 айында көлемі 33,6%-ға артып, 668 млрд теңгеге жетті. Негізгі жобалар қатарында алдын ала құны 194 млрд теңгеге бағаланған Астана туристік ауданы бар. Ол іске қосылғанда 2 мыңға жуық адам жұмысқа тұрмақ. Астана туристік ауданы жыл сайын 10 млрд теңге салық аударымдарын түсіреді деп күтілуде. Жобаның аяқталуы 2026 жылға жоспарланған. Биыл мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдер көлемі де 3 есеге артты. Тек биылдың өзінде 37 туристік нысан мен 6 туристер тасымалдайтын автобусқа 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал жыл соңына дейін жалпы құны 120 млрд теңгені құрайтын 119 инвестициялық жоба аяқталмақ. Бұл 1500 жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.