Бүгін қазақтың бұлбұл дауысты әншісі Бибігүл Төлегенованың туған күні. 95 жасқа толуына орай Елордада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен мерейтойлық концерт өтті. Онда аты аңызға айналған өнер майталманының шәкірттері мен әріптестері өнер көрсетті.
Ғибратты ғұмыр иесінің тұнық үнін талай буын тыңдап өсті. Қазақтың бұлбұлына баланған Бибігүл Ахметқызы 70 жылдан астам сахнаның сәнін келтірді. Тоқсанның торқасына шыққан тұлғаның өзі бұл жолы көрермен қатарынан табылды.
Бибігүл Төлегенова, Қазақстан және КСРО халық әртісі:
Қазір менен енді ән ешкім сұрамайды, қазір менен бәрі бата сұрайды үлкен болғаннан кейін. Осы елдің батасы болу керек мен осылай 95 жасқа келіп отырып, үлкен тойымды сіздердің орталарыңызда өткізіп отырмын. Өте бақыттымын.
Біртуар бұлбұл әншінің ән қоржынында қазақтың халық әндерімен қатар әлемдік музыка жауһарлары көптеп кездеседі. Соның бірқатары осы кеште шырқалды. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Толқын Забирова мен Жұпар Ғабдуллина, «Гүлдер» ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ мазмұны терең шараға мәдениет, өнер, қоғам қайраткерлері, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.
Залда ине шаншар орын болмады. Өңірлерден арнайы келіп, кештің куәсі болуға асыққандар көп. Шарада ән ғана шырқалмады. Бұдан бөлек, көрерменге Бибігүл Төлегенованың өнер жолын толық қамтитын бейне роликтер ұсынылды. Өнерсүйер қауым экран арқылы біртуар әншінің естеліктер мен өмірінен мағлұмат алды.