Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жалпыға ортақ декларациялау тақырыбына алдағы жылдары қайта оралуымыз керек деген пікірде, деп хабарлайды Баймедиа.кз.
«Мен декларациялау туралы нақты айттым. Бұл мәселеге қайтадан оралуымыз керек. Себебі бұл жерде жемқор шенеуніктер мемлекеттің қаржысын, мүлкін елден шығарған кезде өзінің атына рәсімдемейді, оны туған-туысқандарының, алыс туыстарының атына рәсімдейді. Сондықтан біз 8 миллион адамды қазір босатып жіберсек, әрине 8 миллионды жауапкершіліктен босатамыз да, жемқорлардың іс-әрекетіне баға бере алмай қаламыз. Мен жалпы Президенттің негізгі бағытын қолдаймын», — деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, бұл сұраққа кейінгі жылдары қайта оралуымыз керек.
«Жалпы сыбайластық жемқорлықпен шынайы күресеміз, жемқорлардың мемлекеттің бюджетіндегі ұрлаған ақшасын мемлекеттік меншікке қайтарамыз, шынайы күресті жүргіземіз десек, көзбояушылық емес, біз кейін салмақты түрде бұл мәселеге қайтадан оралуымыз керек», — деді Бақытжан Базарбек.