Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп асханаларындағы басты мәселелерді атады.
Бейсембаевтың дерегінше, бүгінгі таңда 1,7 млн оқушы мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылған, бұған жергілікті бюджеттен 162 млрд теңге бөлінді.
Еліміздегі мектеп асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне қыркүйек-қазан айларында мониторинг жүргізілді.
— Республикалық мониторинг қорытындылары мектептегі тамақтандырудың ұйымдастырылу сапасына қатысты сұрақтардың туындауы атқарушы органдар тарапынан әлі де болса бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетіп отыр, бұл заңнама талаптарының бұзылу фактілерінен де байқалып отыр. Дәлірек айтқанда, мониторинг жұмысының барысында 771 бұзушылық анықталғанын атап өткім келеді, — деді министр.
Сондай-ақ министрлік мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысына кешенді бағалау жүргізді.
— Бағалау кезінде тамақтандыру сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері, асханалардың қажетті материалдық-техникалық жабдықталуы, 1 оқушыға шаққандағы өңірлердегі тамақтану құны, ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері ескерілді. Мәселен, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тарапынан мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандығы анықталды. Бұл аталған өңірлердегі әкімдіктердің тамақтандыру сапасына ерекше назар аударып, бақылауды күшейту қажеттілігін көрсетеді, — деді Ғани Бектайұлы.