Ақтөбе қаласының іргесіндегі Ақжар елдімекенінің тұрғындары жолдағы жүйткіген көліктерге тоқтау салуды сұрайды. Өйткені соңғы бір айдың өзінде бұл жерде 2 адам көліктің астына түсіп, мерт болды. Соңғы қайғылы жағдай өткен түнде ғана болды. Тұрғындар әкімдік пен полициядан тез арада шара көруді сұрайды.
Түндегі қайғылы оқиғаға «Ваз 2110» маркалы көліктің жүргізушісі кінәлі. Ол жолдан өтіп бара жатқан тұрғынды қаққан. Салдарынан 48 жастағы азамат сол жерде жан тапсырды. Ақжарлықтардың айтуынша, мұндай жағдай соңғы кезде жиілеп кеткен.
Үмітжан Абдуллаева, марқұмның көршісі:
Осындай қайғылы жағдайлар болып жатыр. Біреулерді қағып кетіп жатыр, көбі аман-есен қалды. 1 ай болмай екі қайғылы оқиға орын алды. Жарықтандыру дұрыс емес. Аялдамамыз қашықта тұр.
Бұл жол Ақжар ауылы мен Қарғалы деп аталатын саяжай ұжымының ортасымен өтеді. Қарғалыда мектеп те, дүкен де жоқ. Сондықтан тұрғындар жаяулап арғы бетке өтуге мәжбүр. Жол құрылысы әлі толық аяқталмағандықтан, мұнда бейнебақылау камералары да қойылмаған.
Өмірзақ Ермағамбетов, тұрғын:
Шапшаңдықты өлшейтін құралдар қойылмаған деп айтқан болатынмын. Бармаған жерім жоқ. Қатты жүреді. Мен үлкен кісі болғасын қатты жүрмеймін. Бірақ тыңдамайды. Жүргізушілерге шара қолданылмайды.
Жол бойына 8 жерден бағдаршам қойылған. Қазір оның төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Жол құрылысы толықтай келесі жылы ғана аяқталады. Дегенмен, жауаптылар қауіпсіздік мәселесіне қазірден бастап назар аударуға уәде берді.
Айдарбек Жұмабек, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
Жоба ауыспалы болғандықтан қалған аялдамаларды, бағдаршамдарды мезгіліне қарамай орнататын болады, келесі жылға дейін. Жоба бойынша қарастырылған барлық жол белгілері қазіргі таңда толық орнатылып тұр.
Тек Ақжар ауылының өзінде 15 мың шамасында адам тұрады. Олар полициядан жол бойына кезекшілік қойылсын деген талап қойды. Ал, қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұл жердегі бағдаршамдар алдағы бір-екі күнде толықтай іске қосылады.