Астана. 8 желтоқсан. BM.KZ — Астанада күндіз қар тазалау жұмысына 1 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды. Қазір коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Қала әкімдігінің ресми сайты таратқан ақпаратқа сәйкес қала көшелерін қардан тазалау жұмысы үздіксіз жүріп жатыр.
8 желтоқсан күні таңертеңнен бастап елорданың алты ауданында үш мыңға жуық жол жұмысшысы мен мыңнан астам арнайы техника қар күреуге шықты.
— Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылады. Осыдан кейін қозғалыс қарқындылығы орташа учаскелерде — аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі, — делінген хабарламада.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райында алыс сапарларға шықпауға шақырады.
