Астана. 17 желтоқсан. BM.KZ — Биыл 11 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,3 пайызға артып, 18,5 трлн теңгені құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
— Экономика тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Биылғы қаңтар-қарашаның қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 6,4 пайызды құрады. Нақты сектордағы өсім 8,3 пайыз болды және қызмет көрсету өндірісінің 5,3 пайызға өсуінен жоғары болып қалыптасты. Негізгі драйверлер – көлік қызметтері, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі. Сауда — 8,8, ауыл шаруашылығы — 6,1, өңдеу өнеркәсібі 5,9 пайызға өсті, — деді ол.
Министрдің айтуынша, инвестициялар өсім факторы болып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,3 пайызға артып, 18,5 трлн теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар 9,8 пайызға ұлғайды.
— Инвестициялардың ең жоғары өсімі болашақ сапалы өсу базасын қалыптастыратын салаларда байқалуда. Қаржы қызметінде – 82,8, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтауда – 57,9, білім беруде – 31,6, ақпарат және байланыста – 24,5, ауыл шаруашылығында – 24,1, өңдеу өнеркәсібінде – 20,7, көлік қызметтерінде 13,3 пайызға өсім тіркелді. Инвестициялардың ең көп өсуі Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Алматы және Ақтөбе облыстарында байқалды. Инвестициялардың төмендеуі Атырау және Қарағанды облыстарында тіркелді, — деді Серік Жұманғарин.
