Астана. 25 қыркүйек. BM.KZ – Елордадағы №113 жалпы орта «Келешек» мектебінде инновациялық «Alaqan» биометриялық жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Жаңа технология оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оқу процесін тиімді ұйымдастыру мақсатында енгізілді. «Alaqan» жүйесі мектепке кіру, шығу және асханаға кіруді алақанды сканерлеу арқылы бақылайды. Әр оқушының алақаны арнайы цифрлық базаға тіркеліп, тек осы әдіс арқылы мектеп аумағына кіріп-шыға алады.
Мектеп директоры Сауле Қайырбекқызының айтуынша, жүйенің басты артықшылығы – оқушылардың жеке тұлғасын қорғау: «Балалардың бет бейнесі түсірілмейді, тек алақаны ғана тіркеледі. Бұл олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мектепте тәртіпті сақтауға көмектеседі», – деді ол.
Жүйе оқушылардың мектепке кірген уақытын нақты тіркеп, ата-аналарға да қолайлы мүмкіндік береді. Арнайы қосымша арқылы ата-аналар балалардың мектепке қай уақытта кіргенін немесе шыққанын бақылап отыра алады.
Мамандардың айтуынша, «Alaqan» жүйесі – оқушылардың қауіпсіздігін арттыруға және мектеп жұмысын заманауи технологияларға сай ұйымдастыруға жасалған маңызды қадам.
