Өткен аптада «Байтақ» жасылдар партиясы Астанада су саласының проблемалары бойынша ғылыми-әдістемелік конференция өткізген болатын. Елімізге танымал ғалымдар қатысып елдегі су тасқынының себеп, салдары мен оның алдын-алудың тұщымды пікірлерін білдірген еді. Заманауи сандық деректерді қолдана отырып, су тасқынынан келген суларды ауыз сумен жабдықтау, суару және жайылымдық мал шаруашылығы үшін белсенді пайдалануға болатынын айтқан еді. Жалпы бұл мәселені «Байтақ» жасылдар партия төрағасы Азаматхан Әміртаев пен көптеген ғалымдар көтергелі біраз жыл болып еді. Өкінішке орай, ақыры Президент айтқан соң ғана сарапшылар мен ғалымдардың пікірне құлақ асқан су және ирригация министрлігі гидрогеологиялық қызмет құруға кірісті.
Құрылатын Ұлттық гидрогеологиялық қызмет елдің жерасты су ресурстарын барлау мен қорғауды қамтамасыз етуге арналған. Ведомство жер асты су ресурстарын басқаруды цифрландыру үшін құрылады. Су ресурстары министрлігі үкімет қаулысының тиісті жобасын әзірледі. Іске қосылғаннан кейін қызмет гидрогеология және геофильтрациялық модельдер саласында тұрақты жұмыс істейтін геоақпараттық жүйелер, жерді қашықтықтан зондтау деректерін қолдана отырып, сандық және картографиялық дерекқорлар мен оларды басқару жүйелерінің дерекқорын құрады. Су ресурстары министрі қазіргі уақытта Қазақстан экономикасында жер асты суларын пайдалану үлесі 7-10% құрайтынын түсіндіреді.