Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары өткен жылы су заңнамасының талаптарын сақтау бойынша 64 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, 129 бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, су объектілерін заңсыз басып алу, рұқсат етілген көлемнен артық су алу, су шаруашылығы құрылыстары пайдалану ережелерін бұзу, заңсыз су ұңғымаларын бұрғылау және жерасты суларын алу құрылыстарын салу, суды бастапқы есепке алу тәртібін бұзу және есепке алу деректерін бұрмалау сынды бірқатар бұзушылықтар тіркелді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 56 ұйғарым беріліп, 63 әкімшілік іс сотқа жіберілді. Бүгінгі күнге су заңнамасын бұзғандардан 11 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Елімізде су ресурстарын қорғау мәселесі өте өзекті. Судың «қара нарығын» жою және оның шығынын бақылауды қамтамасыз ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі бассейндік инспекция штатын 1,5 есе көбейтті. Егер бұрын бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 98 адам болса, қазір жалпы штат саны 242 адам. Бұдан бөлек, жаңа Су кодексінде бассейндік инспекцияларға қадағалау функцияларын да беру көзделген. Ал Кәсіпкерлік кодекс су ресурстарын басқару органдары жедел ден қою шараларын қабылдай алатын нормалармен толықтырылатын болады.