Абай облысында 61 миллион теңге көлеміндегі қарызын жасыру мақсатында мүлкін өзге тұлғаларға рәсімдеген Үржар ауданы тұрғынына қатысты сот шешімін қасақана орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы аудандық прокуратура хабарлады.
Прокуратура мәліметінше, аудан тұрғыны мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы сот шешімін әдейі орындамаған. Ол соттың 61 миллион теңге көлеміндегі қарызды өтеу туралы шешімінен жалтару үшін жалпы құны 12,5 миллион теңгеге бағаланған тұрғын үйі мен ауыл шаруашылығы техникасын басқа адамдардың атына рәсімдеген.
Тексеру барысында бұл мүліктер жалған сот актілері негізінде және сот орындаушыларының қатысуынсыз рәсімделгені анықталды. Ал түскен қаражат борышкердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
“Осы дерек бойынша аудан прокуратурасы ҚР ҚК 430-бабының 3-бөлігі (сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Аталған баптың санкциясы бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады”, — дейді Үржар ауданының прокуратурасы.
