Жетісу. 10 қыркүйек. BM.KZ – Жетісу облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекеті әшкереленді. Олардың ісі сотқа жолданды. Бұл туралы құқық қорғау органдары мәлімдеді.
Алаяқтар өзін телефон арқылы банктің қауіпсіздік қызметі өкіліміз деп таныстырып, азаматтардың сеніміне кірген. Артынша оларды смартфонға «AnyDesk» қашықтан басқару қосымшасын орнатуға мәжбүрлеп, құрылғыларды толықтай бақылауға алған.
Қашықтан қол жеткізу арқылы қылмыскерлер жәбірленушілердің банк қосымшаларына кіріп, олардың атына онлайн несие рәсімдеген.
«Қылмыстық топтың әрекетінен еліміздің әр өңірінің 40-тан астам тұрғыны зардап шекті, келтірілген шығын көлемі 70 миллион теңгеден асты. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелерi бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды», — деп жазылған хабарламада.
