Астана. 6 қаңтар. BM.KZ — Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық үшін халықаралық іздеуде болған күдікті ұсталды.
Тергеу деректеріне сәйкес, оның шымкенттік тұрғындарға қатысты бірқатар алаяқтық жайттарына қатысы бар. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 80 миллион теңгеден асады.
— Алаяқтық эпизодтарының бірінде күдікті алтын бұйымдар сатумен айналысатын кәсіпкердің сеніміне кіріп, зергерлік әшекейлерін иемденіп кеткен. Сонымен қатар, ол тұрғындардан шетелге арзан бағамен туристік сапарлар ұйымдастырамын деп ақша алып, турларды ұйымдастырмай, қаражатты қайтармаған. Аталған жайттар бойынша күдіктіге халықаралық іздеуге жарияланған. Кешенді жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген Шымкент қаласы Полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Қазіргі таңда істің барлық мән-жайын анықтауға және қылмыстық әрекеттердің қосымша эпизодтарын әшкерелеуге бағытталған тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
