Аягөз аудандық әкімдігі жолдаған нақты ақпаратынша, 26 наурыз күні жоғалған азаматтардың бірі – 1985 жылы туған Шалқар Қажыгереев болса, екіншісі – 1957 жылғы Қуанышбек Мырзағазин. Олар «Шалқар» қосалқы шаруашылығынан Қарағаш ауылына жету үшін жол қысқарту мақсатымен МТЗ-82 тракторымен Борлы өзенінің үстімен өтпек болған. Алайда өзен ортасында трактор тұрып қалып қиын жағдайға ұшыраған. Құтқарушылар келгенімен, олардың қайда кеткені белгісіз болып отыр.
Қазір Абай облыстық ТЖД, облыстық полиция департаменті, әскери бөлім сарбаздары, жалпы жиыны 41 адам іздестіру жұмыстарына кірісті. Жедел шараға 5 техника, 4 жүзу құралы, 3 пилотсыз ұшу аппараттары және жергілікті азаматтар қатысуда.