Астана. 8 сәуір. BM.KZ — Абай облысында айдалада жоғалып кеткен сәбиді облыстық полиция департаментіне қарасты Ақсуат ауданы полиция бөлімінің аға криминалисі, полиция майоры Бақытбек Лиясканов тауып алды, — деп хабрлайды Polisia.kz.
8 сәуір күні Ақсуат ауданында 3 жастағы бала байқатпай үйдің ауласынан шығып кетіп, жоғалып кеткен.
Бақытбек Лиясканов бүлдіршінді ауылдан бірнеше шақырым жерден, иен даланың ортасында жалғыз жүрген жерінен байқап қалған.
— Жүрегіммен оның дәл осы маңда екенін сездім. Мені не жетелегенін білмеймін… бірақ сол бір ішкі күш мені сәбидің тұрған жеріне алып келді. Мен өзімді батыр санамаймын — тек өз жұмысымды атқардым. Дегенмен қатты алаңдадым… себебі мен де әкемін, — дейді офицер.
Бұл сөздер — ерлік жайлы емес. Бұл — нағыз адамгершіліктің көрінісі. Бұл — жауапкершіліктің салмағы. Бұл — кей сәттерде кез келген нұсқаулықтан биік тұратын жүрек үнінің айғағы. Сол күні ол тек бір баланы тауып қана қойған жоқ. Ол бір отбасының үмітін қайта тірілтіп, өміріне тыныштық пен қуаныш сыйлады.
