Бас прокуратура Шығыс Қазақстан облысында әкімдік қызметкерлері заңсыз 78 келісімшарт жасасқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Баймедиа.кз.
Қадағалау органы әкімдіктердің «төтенше жағдайлардың салдарын оқшаулау және жою үшін» тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді бір көзден сатып алғанын анықтады. Алайда бұл уақытта аймақта төтенше жағдай жарияланған жоқ. Прокурорлар барлығы 1,4 миллиард теңгеге заңсыз жасалған 78 шартты анықтады.
«Атап айтқанда, әкімдіктер қолданыстағы заңнамада қарастырылмаған жағдайларда тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен қар тазалау, әкімшілік ғимараттарды жөндеу, мұздан тазарту реагенттерін сатып алу бойынша тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алды, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада. Қазірдің өзінде 14 миллион теңге айыппұл төленген.