Ақтөбеде 17 жастағы екі жасөспірімді өлтірген қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Қылмысқа қатысы бар деп айыпталған алты жас жігіттің барлығы 20 жастағы студенттер. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аstanatv.kz телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. Мәліметтерге сенсек, қайғылы оқиға жылдың басында болды. Іс материалдарына сәйкес айыпталушылардың бірі әлеуметтік желіде құрбан болған жігітпен жанжалға түсіп, кездесу белгілеген. 2 қаңтар күні кешке ол Қызылжар тұрғын үй массивіне бес досымен келген, барлығы пышақпен қаруланып алған.
Төбелес кезінде төрт жасөспірім пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілген, олардың екеуі қайтыс болды. Оқиғадан кейін бірден алты қатысушы ұсталды. Екі айыпталушыға «Кәмелетке толмағанды өлтіру» және «Екі немесе одан көп адамды өлтіруге әрекет жасау» баптары бойынша айып тағылды. Қалғандарына денсаулыққа ауыр зиян келтірді деген айып тағылды.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Бақтығалиев екі адамды өлтіру ісі бойынша үкім шығарды.
«Осылайша Дамир Ұзақбай ҚК 99-бабының «Адам өлтіру» 2-бөлігінің 1, 9 және 14-тармақтары және 24-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Рамазан Махамбетке ҚК 99-бабының 2-бөлігінің 1 және 9-тармақтары бойынша 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот екі айыпталушыны жәбірленушілерге моральдық залал ретінде 10 миллион теңгеден төлеуге міндеттеді.
Айыпталушылар кінәларын мойындаған жоқ. Ал төбелеске қатысқан басқа төрт адамға шартты түрде 4 жылға сот үкімі шығарылды. Қаза тапқан жасөспірімдердің туыстары бұл шешіммен келіспей, үкімге шағымданбақ.
Қайтыс болған жасөспірімнің анасы Ботагөз Жайтақова қалған төртеуінің де қатаң жазаға лайық екенін айтып, оларға шартты жаза берілгеніне наразылығын білдірді.
«Үкіммен толық келіспеймін. Екі адам әділ жаза алды, бірақ неге қалған төрт айыпталушыға шартты жаза беріліп, оларды сот залында босатты?! Олар да қылмысқа алдын ала дайындалған, сондай-ақ пышақпен келген. Олар өлтіру ниетімен қаруланған. Меніңше, оларға да нақты мерзім беру керек», – деді Ботагөз Жайтақова.