ХХ ғасыр – алты Алаштың арманын ұлттық идея мен ұлттық бірлікке ұйыстырған қазақ интелигенцияларының алтын ғасыры. Олардың барлығы да қоғамның түрлі тарабынан шыққан оқыған, зиялы, интелигент, креативті ойлы ұлт зиялылар
Ұлт зиялылары Алаш идеологиясын ту ете отырып, азатшыл, ұлттық ұрандармен қазақ жастарын бір ортаға ұйыстырды. Олардың дені өзекті мәселелерді шешу жолында Ресейдің Мемлекеттік Думасына сайланды. Мұсылмандар съездерін, жалпықазақтық, облыстық, уездік, болыстық съездер мен басқосулар өткізіп, сол уақыттағы қазақтың жанын жеген мәселелер мінберден көтерді. Олардың қатарында ең алдымен жер мәселесі, тіл, дін, діл мәселелері көтерілді. Тек қана айтып, ұрандатып қойған жоқ. Олардың барлығын «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының және де басқада ақпарат құралдарында насихаттады. Соның арқасында жоғарыдағы оқыған, интелигент алаш зиялылары ұлттық мүддені қорғай алатын мемлекет жүйесін құруда даңғыл жол салды.
Жер мәселесі – Алаш Орда үкіметінің басты назарда болған мәселесі. Тіпті Алаш партиясы бағдарламасының соңғы пункті «Жер мәселесіне» арналды. Сахарадай жазық, ұлан-байтақ жерімізді сақтап қалып, ұлт ретінде өмір сүруімізге – Қазақ хандығы жәрдемші болды. Ал дербес автономиялы мемлекет құрып, ұлтымыздың рухын көтерген – Алаш идеясы. Елбасы: «Ұлттық идеяны қалыптастыру біздің өз тарихымызды жаңадан оқу негізінде ғана мүмкін болады. Сондықтан ұлттық идеяның формуласы ұлттық тарихта жатыр», – деген еді. Алаш зиялыларының мемлекет жүйесін құрудағы басты формуласына жер мәселесі ұлттық тарих, әскер, бірлік, партия, ұлттық тіл мәселелері маңызды рөл атқарды.
Ұлттық тарих. Еліміз Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі ұсынысты бірер жылда ғана кәдеге жаратты. Азуын айға білеген қуатты мемлекет болу үшін тарихта сенің мемлекеттілігін болу керектігін саясат мойындатты. Алаш үкіметі бұл рухани қайнарды сол уақытта ойлады. Тіпті олар құрған мемлекеттің атын «Алаш» деп атады. Оның бұлай аталуы жөнінде тарихшы ғалым М. Қойгелді өз зерттеуінде: «Ұлы Қытай қорғанынан бастап орыс ормандарына дейінгі ұлан-байтақ далада негізінен қазақ халқының этногенезін құрайтын тайпалардан тұратын аса қуатты мемлекет Алтын Орда дәуірін аңсаудан туындағанын аңғару қиын емес. Қазақ хандығы сол қуатты мемлекеттің үзігі еді», – дейді.
«Мыңдаған жылдық тарихы бар Қытай империясына шабынып, азуын айға білеген жолбарыс – Жоңғар мемлекетіне лайықты тойтарыс беріп, ата қоныстан түре қуған Қазақ хандығы сол тұстағы Орталық Азиядағы бірден-бір қуатты мемлекет болды», – дейді профессор М. Қойгелді. Сол қуатты мемлекет Ресей отарына айналып, пұшайман халге түскенде, Алаш Орда үкіметі Қазақ хандығының аңсар-арманын серпілтіп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетуді мақсат етті. Алаш зиялылары ұстанған ұлттық идея мен елдік мұрат ұстанымы сонау сақ, үйсін, түркі кезеңдерінен бастау алған, қазақ хандары мен батырларының, билерінің, ақын-жазушыларының елдік ұстанымынан анық көрініс тапқан жер тұтастығы, ұлттық мемлекеттілік, қауіпсіздік идеясымен сабақтастықта өрбіді.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының негізгі мақсаттарының бірі де қазақ халқының мүддесіне сай қызмет ететін, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру жоспары да Қазақ хандығымен байланыста өрбіген. Алайда тарих үрдісі көрсеткендей ол жүзеге аспай қалды. Ал советтік негізде құрылған Қазақ АССР-ы, одан кейінгі Қазақ ССР-да қағаз жүзінде егеменді деп аталғанымен, іс жүзінде орталықтың толық бақылауында болып, ұлттық мүддеден гөрі орталықтың мүддесіне сай саясат жүргізілді.
«Отар елдің тарихын отарлаушы елдің өкілі жазады» деген қағидаға сай советтік авторлар қазақ тарихын жазуды өз қолдарына алып, қазақ халқының ұрпақтарына өз мемлекеттілігінің болмағанын дәлелдеумен өтті. Қазақ қоғамындағы хандықты мемлекет емес, ру-тайпалық ұйым ретінде түсіндірді. Сөйтіп, қазақтардың санасына мемлекетсіздік, мемлекеттілікті Ресейдің әкелгендігі сияқты идеялар бірте-бірте қалыптаса бастайды. Ол тіпті Тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы жылында да советтік сана-сезімнің идеясында болды.
Екі жыл бұрын әлем тарихына ойып тұрып мерейтой белгілеп, қазақ мемлекеттілігінің тарихын 550 жылға артқа шегеріп, ұлы тарихқа бет-бұрыс жасадық. Кешегі советтік кезеңнің мемлекетсіздік идеясын тұншықтырып, Алаш идеясы көтерген ұлттық тарихтың бар екенін көрсеттік. Осы орайда айтарымыз Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында шектеліп қалмай, қазақтың тарихындағы Алаш, Алтын Орда, Түрік қағанаттарының тойларын өткізсек. Кешегі қылышынан қан тамған советтік империяның саясатына ұлы тарихы бар мемлекет екенімізді мойындатсақ. Оған бірден-бір екі үлкен себеп бар. Алдымен 2042 жылы Батудың құрған мемлекеті Алтын Ордаға 800 жыл толады екен. Екіншісі – Түрік қағанатына 2052 жылы 1500 жыл толады. Осы мерейтойларды ұлттық тарихымыздың қайнары деп, Алаш идеясы сол ұлы тарихтың жалғасы, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құраушысы деп насихаттасақ, басы артық мәселе емес-ті.
Ұлттық идея. Алаш арыстарының негізгі идеясы қазақ халқының егеменді, тәуелсіз «іргесі бөлек» ұлттық мемлекетін құру болатын. Оны «Алаш» партиясы бағдарламасының «Мемлекет қалпы», «Жергілікті бостандық» және «Негізгі құқық», «Билік һәм сот», «Ел қорғау», «Жер мәселесі» атты бағдарламаларынан айқын бағамдаймыз. Қазақ елінің Ресей республикасының федерациялық бір органы ретінде қарастырылуы, реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе отырып, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болуы сияқты ұсыныстар да көп нәрсені аңғартады. Осындағы «қазақ автономиясы» мемлекеттің ұлттық құрылымын айтпай-ақ танытып тұр. Ендеше бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті – сол идеяның жемісі. Алаш идеясы әсірешіл ұраншыл қазақтың ойы емес, жалпыадамзаттық құндылық этикасын сақтай отырып, отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын азаттыққа шақыру болатын. Тарихшы Мәмбет Қойгелді «Тарих — күрес алаңы» кітабында Алаш идеясы жайында: «Қазақ ұлтшылдығының өзекті жібі, діңгекті ойы «менің ұлтым өзгеден ерекше, артық» сияқты мазмұндағы ұран болған жоқ. Ол елім деген қазақтың оқыған азаматының надандық пен отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын азаттыққа шығару, өзгемен тең ету жолындағы қызметке әзірлігін білдіретін шешімі және осы мақсат үшін күреске шақырған үндеуі болатын», – дейді. (М.Қойгелдиев, «Тарих күрес алаңы, Алматы, Дәстүр баспасы»).
Ұлттық мемлекетті қалыптастыру идеясы бірнеше ғасырлар бойы қалыптасып отыратын нәрсе. Мемлекет болу идеясы ұлттық қажеттіліктердің негізінде туындайтын мәселе. Оған жетудің басты жолы ғылым-білім. Ол рухани құндылықтарды алаш зиялылары адами қасиеттеріне қалыптастырды. Қазақ идеясын, алаш идеясын орыс болмаса, қытай, моңғол халқы қалыптастырмайды. Ол қазақтың, ұлттың рухани жаңғыруы аясында дүниеге келеді. Яғни алаш идеясын қалыптастырған қазақтармен. Ұлтқа деген құрмет ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейіне байланысты. Жалпы ұлттық сана төмен болса халық халықтық қасиетінен айрылады. Мұндай кезде ұлттық мүдде жеке бастың пайдасының құрбаны болады. Мұратсыз ұлт ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкін емес. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегін мемлекеттікті нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнату құрады. Ал Алашорда үкіметі тұсында мемлекеттікліктің барлық мәртебесіне жауап беріп, жеке-дара қазақ халқының автономиясын шешу мәселесі болды. Ол мәселе аясында шетелдегі қазақтардың идеясы ұштасып жатты.
Алаш идеясы ұлттық бірігу концепциясына алып келді. Ол тұста қазақтың оқыған, саяси орталықтарда білім алған, мемлекет құрылысын қалыптастыру жөн-жосығын білетін ұлт зиялыларының басын біріктірді. Соның арқасында Алаш идеясын аясында мыңдаған қазақтың басы бірікті. Мұхтар Құл-Мұхаммед «Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы» атты еңбегінде: «Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан бергі тарихындғы жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегін «саяси күрестер мен рухани жаңғыру кезеңі» деп айтуға әбден болады. Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Еуропадағы саяси күрестің бет алыс бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты. Олардың басым көпшілігі ғылымға емес – утопияға, демократияға емес – авторитаризмге негізделген большевизм идеясын қабылдамай, баррикаданың арғы бетіне шығып, өз елінде, өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының мұң-мұқтажын қорғауды мақсат еткен «Алаш» партиясын ұйымдастырды. Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын атқарушы билік органы – «Алаш Орда» үкіметін құрып, ұлттық-аумақтық негіздегі «Алаш автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады».
Әлихан Бөкейхан Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру идеясы қазақтың ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, халықтың сана-сезімін оята жүріп, бодандық құрсауын бұзып шығуға болатынын көрсетті. Жемісін Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті көрді. Бүгінгі билік сол идеяны мойындамаса да, Әлиханды ұлт көсемі ретінде тани алмаса да, Алаш көсемінің құрған мемлекетінде өмір сүріп отыр. Ұлы «Орыс идеясы» іспетті ұлттың саналық рухани болмысын анықтайтын «Алаш идеясы» қазақ топырағында қалыптасты. Өркенін жайды.
Ұлттық тіл. Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген болатын. Сондықтан да алаш арыстары «мемлекеттік тіл» мәселесін алғашқы маңызды мәселе ретінде қарады. Олардың пайымдауынша, қазақ ұлтының мәдениетін, ұлттық рухын, саяси көшбасшылығын ұлттық тіл ғана биік дәрежеге көтереді. М.Шоқай «Ұлттық рухтың негізі — ұлттық тіл» деген рухани үндестігі Елбасымыздың «Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады» деген орынды пікірімен санасып желіленді. Ал Мағжан Жұмабай: «Түрік тілімен сөйлейміз деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы» («Педагогика» еңбегінде), — дейді. Осынау ойлар тізбегін оқи отыра қалай рухтанбайсың, қалайша мақтаныш кернемейді кеудені?
Ұлттық тілінен айырып мәңгүртке айналдырмақ болып орыс елі талай қыруар жұмыс атқарды. Қазақ халқын шоқындырып, өз дініне өткізіп, жастарын орыс тіліндегі мектептерде оқытуды көздеді. Бірақ үркердей шоғыр жұлдыз болып жарқыраған Алаш арыстары бұл тосқауылдың алдын алды. Бірі мемлекеттік тілдің әліпбиін құрастырса, бірі «Қазақ» газетін ашты. А.Байтұрсынұлының «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» кітаптары қазақ тілінің болашағы үшін құнды мұраға айналды. Ана тіліміз туралы Әлихан Бөкейхан, Телжан Шона, Қошке Кемеңгер, Ахмет Байтұрсын, Мағжан Жұмабай, М.Дулат, Ж.Айтмауытұлы сынды тіл жанашырлары мақалалар мен құнды зерттеулер жазды.
Алайда, «Алаш» партиясы қалап кеткен ұлттық идеяның бірі «тіл мәселесі» бүгін қай деңгейде екенін бағамдау қиын. Мемлекеттік тіл саясаты аясында жұмыстар атқарылып, түрлі шаралар істеліп жатыр. Бірақ нәтиже аздау. Үміт үзбей, қарқынды жұмыс атқара түсуіміз қажет. Маңызды жұмысты, жанашырлықты биліктегі басшыларымыздан көретін болсақ, тілдің мәселесі баяғыда шешілер ме еді? Деген үмітті ұялатамыз. Ал, мемлекеттік қызметкерлердің 95 пайызы мемлекеттік тілде ең болмаса, демалыс сұрап, арыз жазуға сауаттары жетпейтінін кезінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мәлімдеген болатын. Тілдің дамуына басшылар мен қараша халықтың да ықпалы бары рас. Бірақ тарихты алып қарасақ, билік көбінесе халықпен санасуға мәжбүр болып отырады. Сондықтан да мемлекеттік тіл деңгейін жоғарыдан бастар болсақ, алаштың идеясы сөзсіз биік шыңға жетеді.
Ұлттық бірлік. «Елге ел қосылса құт» деген халық даналығы бар. Кезінде тағдырдың талайымен атамекеннен жырақ, сыртта қалған қандастарымыздың мәселесі кімді де болса толғандырары анық. Бұл мәселе – Алаш зиялыларын да толғандырған мәселердің бірі. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның: «Түбі телім болған қазақтар басын қоспай қазақ қазақ болмайды», – деген сөзінен-ақ Алаштың арманын бөліп-жармай, Алаш ұранды Қазақтың басын біріктіргісі келгенін ұғамыз.
Алаш қайраткері Халел Досмұхамбетұлы: «Біздің мақсатымыз барлық Қазақтың басын қосу болатын. Сондықтан Қытайдағы қазақтарды да қосып алуды қарастырдық. Әрине, ондағы қазақтар өздері мекендеп отырған территориясымен Алаш Орда құрамына кіру керек деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде ешнәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық», – деп атап көрсетті. Бұл Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның да түпкі мақсаты еді. Осы идеяның жемісі Қазақ газетінің санында да көрініс тапты. Онда алашордашылар саяси эмиграция туралы: «Қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс. Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз», – деген. Бұл – Алаш идеясы мен оның көсемі Әлихан Бөкейханның ұлттық бірігудің басты пәлсафасы. Қазақ ұлтының толықтай бірігу саясатындағы ұстанған идеологиясының бір тарамы.
Сондай-ақ Алаш зиялыларының Қытайдағы қазақтар жөніндегі тұжырымды пікірлері Шыңжан қоғамдық ғылымдар институты журналының 2004 жылғы №3 санында Қалиолла Нұртазаұлының «Әнші Әсет» атты мақаласында талданып көрсетіледі. Онда Алаш Орда үкіметінің жетекшісі Әлихан Бөкейханның Қытай қазақтарына үндеу хат жазып, оны Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсек қатарлы күрескерлерге Шыңжан қазақтарына жеткізуді тапсырғандығы айтылады. Бірақ, мақалада бұл хаттың мазмұны хақында нақты ештеңе айтылмаған. Дегенмен, жоғарыдағы азаматтардың Шәуешек қаласында Құлжа мен Тарбағатай өңірінің игі‑жақсыларымен жиын өткізуі және Ахмет Байтұрсынұлың Алтай қазақтарына хат жазып, оны жеткізуді Әсетке тапсыруына қарап үндеу хаттың мазмұнынан байқаймыз.
Ұлттық бірігу жайындағы кезекті дерек 2007 жылы Ана тілі газетінің №33 санында жарық көрген Уахап Қыдырханұлының «Міржақыптың Өр Алтайдағы іздері» атты мақаласында автор жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Жапабай болыстың немересі Әкірамбек ақсақалдың жоғарыдағы Алаш азаматтарының Шәуешекке келуі жайында: «Олардың мұнда келуінде екі мақсат болыпты. Бірі – ақ пен қызыл арасындағы аласапыранда үркіп, үдере көшіп кеткен елдің жағдайын білу, көнсе қайта көшіру. Екіншісі – Алаш Орданың ауқымын осы жақтағы елгеде ұлғайту болыпты», – дейді. Осы жоғарыдағы Шыңжан қазақтарының тарихи деректерінен Алаш идеясының сол жиырмасыншы жылдары ұлттық бірігу идеясының сарыны жатқаны айтпаса да түсінікті.
Алаш қайраткерлерінің Қобда бетіндегі (Моңғолия) қазақтарға да жасаған үлкен жақсылығы бар. Моңғолия қазақтарының тарихында «Жалама айдаған жылдар» деген тарихи оқиға бар. «1911 жылы Моңғолияның Қобда қаласын Цинь империясының әскерінен азат етуге қатысып моңғолдар арасында беделін күшейтіп алған қалмақ Да Лама Дамбийжанцан Моңғолияның батыс бөлігін орталықтан бөліп алып Батыс Моңғол хандығын немесе бұрынғы Жоңғар хандығын қайта құруды көздейді. Өзін Әмірсананың шөбересі деп жариялаған ол Батыс Моңғолияның орталығын Қобдадан 60 шақырым жердегі Шарцэх аталатын елеусіз кішкене шіркеуге ауыстырып, батыстағы қазақтарды моңғолдар тығыз орналасқан шығысқа қарай көшуге мәжбүр етеді»,-дейді ғаламтор бетіндегі википедия дерегі.
Осы Жалама айдаған жылдардың қасіретін бастан кешкен Қобда қазақтары Алтай асып, Шыңжан өлкесіне өтсе, енді бірі Ресейдің Шүй жазығына өтеді. Оның өтуінің де тарихи факторы болған. «Шұбырындыға ұшырап, әбден қорлық көрген қазақтар Жа-лама әскерінің бір бөлігін қырып тастап, Ресей жеріне өтіп кетеді. Бұларды Жаламаны қолдайтын үкіметке тапсырып, қырғындату үшін кері қайтаруға жанұшыра қарсылық көрсеткен Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов қатарлы Атажұрттағы ұлт зиялыларының дабылы Ресей Мемлекеттік Думасында көтеріліп, ақыры қазақтарға Шүй жерінде алым-салық төлеп мекендей тұруға рұқсат беріледі»,-дейді шежіреші Асылбек Байтанұлы. Бұл қасіретті нәубатты Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы күйзеліспен қарсы алып, ағйындастарына қамқорлық таныту мақсатында 1913 жылы «Қазақ» газетіне «Орыстың мейірманшылығы» атты мақала жазады. «Алтай тауының моңғол бетіндегі қазақтар мен моңғол төрелері арасында үлкен жанжал шығып, 11 төре өліпті. Мұнан кейін моңғолдар қазаққа қарсы әскер аттандырыпты. Қазақтар қорыққаннан 1000 үй, 120 мың малымен орыс қол астына қашып тығылып, орыс хүкіметіне арыз береді, «бізді қол астына алсаң» деп. Қазақтардың бұл арызы Петерборға жеткеннен кейін арыздарын аяқсыз қалдырып, өздерін моңғолға қайтаруға бұйрық шығарған. Қазақтар еркімен моңғолға қайтпайтын болған соң, оларды зорлықпен көшіруге әскер жіберген. Осы күні моңғол әскері қазақтардың қайтуын күтіп отыр. Олар әліпте кек алмақшы һәм басқа патшалыққа шыққаны үшін жазаландырмақшы. Енді бишара қазақтардың қаны төгілмей, мал-мүлкі шабылмай, қалай аман қалар екен? Некрасов айтады: моңғол төрелері бізге сонша қымбат па, олардың кегін қайтару үшін бірнеше мың қазақты құрбан қыларлық?» (А.Байтұрсынұлы. Ақ жол. Алматы, «Жалын» баспасы.),-депті қазақтың Ахаңы.
Ақ пен қызылдың тартысынан басқа отызыншы жылдардағы көтеріліс кезінде де қазақтардың Жоңғар Алатауынан асып ауа көшкені белгілі. Бұл кезде Алаш Орда үкіметі құлағанмен, қозғалысқа дем берген би-болыстардың бір сыпырасы Алаш идеясын өлтірмей Шыңжаңға ала кетті. Бұл деректе Уахап Қыдырханұлының мақаласында көрсетіледі. Түптеп келгенде айтпағамыз, Алаш қозғалысының қандастарды бауырына басып, қазақтың басын біріктіру идеясы көздеген мұратына жете алмағанмен, Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста жүзеге асты. Алаш идеясы әлемге тарыдай шашырап кеткен ұлтымыздың қайта ұйысып, кемелденуіне арқау болған тұңғыш ұлттық идеология екенін айқындады.
Ұлттық партия. «Қазақ қоғамындағы алаш зиялыларының ең мақсатты қызметін және ұлт зиялыларының мақсатты қызметінің нәтижесінде осы жылы өмірге келген құрылымдар Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметі еді. Алаш партиясы сол бір қиын-қыстау кезеңде қазақ ұлтының ортақ мақсат-мақсаттарын білдіретін қоғамдық саяси ұйым ретінде өмірге келсе, Алаш Орда үкіметі – қазақ жерінің тұтастығы мен қазақ ұлтының еркін дамуын қамтамасыз ете алатын мемлекеттік құрылым, яғни мемлекеттілігін жаңғырту ісін белгілі бір арнаға салу міндетін атқаруға тиіс еді», – дейді тарихшы Мәмбет Қойгелді. Мемлекет құрылымы үшін саяси партия ұлттық идеяны жүзеге асырулары қажет. Бірақ Қазақстандағы саяси партиялар өркениетті елдердегідей жалпыхалықтық сипат алып экономикалық, ұлттық және әлеуметтік саясатта шешуші рөлге ие бола алды деп айта алмаймыз. Ұлттық идеяны жалау етіп, Алаш партиясының көтерген мәселелерін бүгінгі билік партиялары насихаттады деп айта алмаймыз. Тіпті олар өздерінің саяси партия бастауын Алаш партиясынан қалыптасып жүйеленгенін де білмейді. Білгісі келмейді. Дегенмен көпке топырақ шашуға да болмас. Саяси билік партияларының ішінде Алаш партиясының идеясын ұстанып, ізін жалғастырып келе жатқан – «Ақ жол» партиясы ұлттық идеяның шамшырағы десек те болады. «Біздің партиямыз – ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамын біртіндеп өркениеттің озық жетістіктерімен ақылға қонымды ұштастыру негізінде сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеуді мақсат еткен «Алаш» қозғалысы ізбасарларының бірі». Бұл туралы 2011 жылдың 2 шілдесінде «Ақ жол» партиясының жаңа көшбасшысы болып сайланған Азат Перуашев «Ақ жол» ҚДП VІІІ съезінде айтты. «Ақ жол» партиясы – кешегі «Алаш» партиясының рухани ізбасары ретінде Қазақ елі тәуелсіздігін ту етіп көтерген партия. Қазақтың бостандығы үшін күрескен Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат сияқты ұлы тұлғалар бастаған ізгі жолды жалғастырып отырған партия», – деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты А. Перуашев.
Аманкелді Айталы ағамыз айтқан: «Әрине, Алаштың барлық идеясымен келісеміз. Бірақ, жоғарыдағы бес мұратқа жете алмай отырмыз. Ғасырлар бойы қордаланған мәселелерді 18 жылда шеше аламыз ба? Мүмкін, шын мәнінде уақыт аз болып жатқан шығар. Бірақ, осы уақытта біраз мәселені шешуге болмайтын ба еді деп те айтуға болады… Сондықтан, көтерілген мәселелер өте орынды, ойланатын жағдайлар көп. Бір жағынан «уақыт аз» деп ақтауға болады, бір жағынан сол 18 жылда басқа мемлекеттермен салыстырғанда көп жағдайда бітіретін істерді салғырттыққа салдық. Енді мәселе, шын мәнісінде философиялық тұрғыдан айтқанда, «не страшно то, в каком обществе мы живем, а страшно то, из какого общества мы вышли». Коммунистік, атеистік психология, ұлтқа деген салқындық жалғасып келе жатыр әлі. Иә, бұрынғы саясаттың ықпалы жүріп тұр деуге болады», – деген пікірлері өзінің күшін әлі жойған жоқ деп есептеймін. Ендеше Алаш партиясы көтерген ұлттық идея «Ақ жол» партиясының күн тәртібіндегі шешуші мәселе. Бұрынғы саясаттың ықпалы төніп тұрса да, алашшыл билік көсемдерінің, алаштанушы ғалымдардың Әлихан Бөкейханды, Алаш Орданы толық насихаттап, ұлт руханиятына таныстырарына сенеміз. «Ақ жол» партиясы Алаш идеясын жалғастырушы, рухани ізбасары ретінде ЮНЕСКО көлеміндегі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын өз биігінде тойлап өтті. Туған жерінде сауын айтылып, думанды той өтті. Ақ жол партиясы Әлихан Бөкейхан атындағы ұлттық байқау ұйымдастырып, алаш арысының мұрасының кітап болып шығуына жәрдемдесті.
Ұлттық әскер. Алаш зиялылары ұлттық әскер құрып, қуатты мемлекетке айналу идеясын автономия құрудан бұрын ойластырған. Өйткені мемлекеттің негізгі тірегі, қорғаны – әскер. Өткен ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің ұлттық тәуелсіздікке ұмтылыста халық сарбаздарын құру ісі бүгінгі қазақ әскерінің қалыптасуының алғышарты. «Қазақ газетінің 1917 жылғы қарашаның 14 санында жарияланған үндеуде «Өзімізді өзіміз қорғау үшін, бізге жалпықазақ милициясын құру керек… Егер өзімізді-өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілдік зорайып, қиыншылық айналғанда, қазақ халқы құрбан болады», – делінген. Бұл туралы Алаш әскерін зерттеген ғалым К. Нүрпейістің «Алаш және Алашорда» кітабында көрсетілген.
Тарихшылар сілтеме жасайтын мұрағат деректеріне сүйенер болсақ, Алаш әскерінің құрылуы мен оның қызметі 1918 жылдың басынан бастап 1919 жылдың аяғына дейінгі аралықты толық қамтыған. Ал тарихшы Сейітқали Дүйсеннің айтуынша: «Алаш әскерінің атқаратын басты міндеті: ақтар мен қызылдардың арасындағы соғысқа бару емес, елінің тыныштығын сақтау, сырттан келген жауға қарсы тұрып, еліне қорған болу». Әуелде осындай қағидатқа сүйенген Алаш қайраткерлері ұлттық әскердің түрін – атты һәм тұрақты әскер принципімен құрады. Міржақып Дулатұлы тоқетерін де тарқатады: «Жауап біреу-ақ: әскеріміз болса ғана жұрт боламыз!»
Жалпы, Алаш тарихына үңілсек, ұлттық әскерді ең алдымен халық милициясы ретінде құруға талпыныс болғаны байқалады. Мәселен, 1917 жылғы І жалпықазақ съезінде «…Анархия болу қаупі бар, сол себепті осы күнгі әскер орнына халық милициясы құрылсын» делінген болса, ІІ жалпықазақ съезінде елге қорған болатын «халық әскерін жасау керектігі қайта жаңғырып, милиция құрудың мақсаты анықталды, қазақ милициясын құру жоспары жасалып, бекітілген». Алаш әскері жайында тарихшы Күлпаш Ілиясова Алаш немесе Алашорда әскері бастапқыда «халық милициясы», «халық әскері», «Алаш әскері», «қазақ полкі» сияқты әр түрлі атаулармен аталғанын алға тартады.
Алашорда әскерін жасақтауда ұлт қайраткерлерінің еңбегі зор екендігін айтып өткеніміз жөн. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ РһD докторанты, тарихшы Еркін Рахметуллин: «Алашорда әскерін жасақтауда Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әбікей Сәтбай, Ахметжан Қозыбағар, Биахмет Сәрсен белсенді атсалысты», – деп жазады. Тіпті Алаш Орда үкіметінің әскери жүйесі біршама жолға қойылып, әскери кеңес құрған. Бұл жайында Е. Рахметуллиннің «Алаш қайраткерлерінің ұлттық әскер құрудағы қызметі» атты мақаласында: «Алаш Орда үкіметінің заңнамалық құжаттарындағы Алаш Орда әскери кеңесін құру туралы 11-24 маусымдағы үкімет төрағасы Ә. Бөкейхан, мүшелері М. Тынышпай пен Х. Ғаббас қол қойған қаулыда: «Алаш Орда жанынан үш адамнан тұратын әскери кеңес құрылсын, оларға әскери министрліктің қызметі кіреді. Алаш Орданың уездік және облыстық бөлімшелерінің жанынан әскери кеңестер ашылсын. Әскери кеңес большевиктерге қарсы күресте әскер қатарына жігіттерді шақыруға міндеттеледі».
Алаш үкіметі мықты, қуатты елге айналу үшін ұлттық әскері қалыптасу керек идеясы осыдан бір ғасыр бұрын қалыптасты дей аламыз. Мемлекеттік құрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық әскер құру ісі басты фактор екендігін айтып кетті. Бүгінгі жас Қазақстанның негізгі қуатты мемлекетке айналдырып, қорғаныс жүйесі мен мемлекеттілік мәртебесін сақтап қалуда ұлттық әскер реформасын Алаш әскері негізінде құруды ойластырған жөн.
Түйін. Сөз соңында айтарымыз, Алаш арыстарының алдында бүгінгі ұрпақ қарыздар. Туған халқының алдында Алаш зиялылары Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін аянбай қайрат қылды. «Оларсыз қазақ тарихы тұл, алтын дегені күл еді. «Алаш» партиясынсыз саяси күрес тарихын, Алаш Орда үкіметінсіз экономикалық ілімдер мен реформалар тарихын, Алаш автономиясынсыз Қазақстан мемлекеттілігінің негізін, Алаш ардагерлері өмірінсіз ұлт тарихының ұлы арқаулары – тұлғалары тарихын жасау мүмкін емес-ті», – дейді зерттеуші ғалым М. Құл-Мұхаммед. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Алаш қозғалысының тарихы тереңінен зерттеліп, жаңаша зерделене бастады. Алаш деген тақырып жан-жақты зерттеліп, зерделенді. Шаң басқан архивтердегі мұралар оқырманға жол тартты. Алаш арыстары туралы әдеби, тарихи туындылар жазылды. Көркем фильмдер түсірілді. Олардың барлығы да болсын ұрпақ санасында алаш ұранынын жаңғыруына бір септігін тигізетіні хақ. Дегенмен алашты қазаққа танытуда Кеңес Нұрпейіс, Мәмбет Қойгелді, Дихан Қамзабекұлы, Сұлтанхан Аққұлұлы, Дәметкен Сүлеймен, Тұрсын Жұртбай сынды аға-апаларымыздың еңбектері ұшан-теңіз. Сол себепті де аздаған жылдарда Қазақстандағы алаштану сан салалы үлкен ғылыми бағытқа айналды. Оның басында тұрған жоғарыдағы ағалардың еңбектері. Ең бастысы – Алаш қайраткерлерінің мұралары туған халқымен қайта қауышты. Алаш идеясы тәуелсіз Қазақ мемлекетіне қызмет қыла бастады. Бұл бабалар алдындағы үлкен аманаттың орындалғаны.