Астана. 18 тамыз. BM.KZ — Атом энергиясы жөніндегі агенттік Алматы облысының Жамбыл ауданында салынуы жоспарланған атом электр станциясына атау беру бойынша жалпыхалықтық конкурсты ұйымдастыру жұмыстарына кірісті.
Президент ұсынысына сәйкес, агенттіктің бұйрығымен 29 тамызға дейін конкурсты өткізу алгоритмін және оның мерзімдері мен ұсыныстарды қабылдау және қарау тәртібін қамтитын ережелер жобасын әзірлеу тапсырылған жұмыс тобы құрылды.
Сондай-ақ, құрамына қоғам өкілдері, креативтік индустрия мамандары, атом энергетикасы, филология және тарих салаларының сарапшылары кіретін конкурстық комиссия құру жүктелді.
Агенттік сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми байланыс арналарын пайдалана отырып, ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізеді.
