Астана. 24 шілде. BM.KZ – ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баспасөз мәслихатында жаңа оқу жылының басталуына орай өтетін салтанатты жиындарға қатысты пікір білдірді.
Биыл 1 қыркүйек жексенбіге сәйкес келіп тұр. Осыған байланысты журналистер шенеуніктен алғашқы қоңырау 2 қыркүйекке ауыстырыла ма деп сұрады.
Министрдің айтуынша, Білім күніне арналған салтанатты шараның нақты өтетін күні әр мектепте жеке айқындалады. Яғни, түпкілікті шешімді педагогикалық кеңес қабылдайды.
«Оқу жылы ресми түрде 2 қыркүйектен басталады. Ал оқу жылының басталуына арналған салтанатты шараға келсек, бұл мәселе талқылау кезеңінде. Егер педагогикалық кеңестер аталған шараны 1 қыркүйекте өткіземіз десе, шараны өткізе беруге болады. Дегенмен, ресми түрде барлық іс-шаралар 2 қыркүйекте өтеді, себебі жұмыс күні сол күнге тура келеді», – деді министр.
