Астана. 9 сәуір. BM.KZ — 8 сәуірде күрес түрлерінен Бішкек қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен финалдық бәсекелер аяқталды. Қазақстан құрамасы төрт медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Алматбек Аманбек 72 келіге дейінгі салмақта финалдық кезеңге дейін жетті. Ол бұл кезеңде ирандық Мохаммад Джавад Резаимен белдесті. Айқастың алғашқы секундттарында ирандық балуан есепте алға шықты. Дегенмен отандасымыз саспай, қарсыласының осал тұсын дәл тауып, айласын асыра білді. Шебер әдіс арқылы ирандық балуанды таза жеңіп (туше), Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді салды.
Сондай-ақ, Азия чемпионатының қорытындысы бойынша үш балуанымыз қола жүлдеге ие болды.
82 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін Ибрагим Магомадов бозкілемге шықты. Финалда жерлесіміз қытайлық Руи Люмен өзара мықтыны анықтады. Алғашқы үшминуттықта қарсыласы алға шыққанымен, екінші бөлікте Магомадов ширақ қимылдап, тиімді әдістермен есепті өз пайдасына бұрды. Қытайлық балуан отандасымызға белдесу аяқталғанша айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Ал өз басымдығын сақтап қалған Ибрагим Магомадов 5:3 есебімен қарсыласын тізе бүктірді.
Қола медаль иегерлерінің қатарында 87 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Нұрсұлтан Тұрсынов та бар. Қазақстандық «классик» үшінші орын үшін өткен белдесуде түрікменстандық Довлетмурат Байрамовпен күш сынасты. Отандасымыз алғашқы секундтардан-ақ айқын басымдыққа ие болды. Белдесу барысында Нұрсұлтан қарсыласына нағыз шеберлік сабағын көрсетіп, түрікменстандық балуанды белден асыра лақтырды. Нәтижесінде 9:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
97 келіге дейінгі салмақтың қола жүлдесі үшін Ислам Евлоев күресті. Қазақстандық балуан бұл кезеңде оңтүстіккореялық Минхо Лимен кім мықтыны анықтады. Белдесу басталғаннан-ақ отандасымыз басымдықты өз қолына алды. Қарсыласы бұл қарқынға ілесе алмай абдырап қалды. Ислам Евлоев бірнеше мәрте екі ұпайлық әдіс жасап, есепті 9:0-ге жеткізді. Осылайша Ислам Евлоев Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
