Алматы. 26 тамыз. BM.KZ — Әлеуметтік желілерде Алматы әуежайында болған өзін-өзі өртеу әрекетінің жаңа кадрлары тарады.
Бейнежазбада ер адамның Nur Ai & Co туристік агенттігінің кеңсесіне кіріп, телефон сұрағаны және біраз уақыт сөйлескені көрінеді. Одан кейін ол қызметкерді шығарып жібереді де, үстіне жанғыш сұйықтық құйып, полиция қызметкерлерімен сөзге келіп қалады. Бірнеше минуттан соң ер адам өзін өртеп жібереді, кейін оны сөндіруге әрекет жасалған.
Агенттік директоры Гүлмира Сәдуақасованың айтуынша, ол адаммен ешқандай жанжал болмаған.
Дәрігерлердің мәліметінше, әлгі жігіт ғайыптың күшімен тірі қалған, алайда жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін 25 тамыз күні түнде Алматы халықаралық әуежайының ішкі рейстер терминалында ер адамның өзін-өзі өртеген видеосы тараған еді. Жантүршігерлік сәттің видеосы әлеуметтік желілерде жарияланды.
Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға сағат 22:06-да «Т-1» терминалының кассалар жанында болған. Сол жерде жүрген полиция қызметкерлері мен әуежайдың қауіпсіздік өкілдері өртті дереу сөндіріп, жедел жәрдем шақырған.
Зардап шеккен азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін ол қалалық ауруханаға жеткізілді.
Әуежайдың баспасөз қызметі бұл оқиғаның мекеменің жұмысына әсер етпегенін мәлімдеді. Оның не себепті осындай қадамға барғаны белгісіз. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
