Астана. 26 қараша. BM.KZ — Алматы облысында 15 жастағы қыздың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Әлеуметтік желіде Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында ер адам өзінің 15 жастағы қызын пышақтап өлтіргені туралы ақпарат тарады.
Тараған ақпаратқа сүйенсек, мас әкесі мен қызының арасында жанжал туып, күдікті ас үй пышағымен қызын 16 жерден пышақтаған. Оқиға кезінде үйде екеуінен басқа адам болмаған.
Алматы облысының полиция департаменті кісі өлтірді деген күдікпен Тұздыбастау ауылының тұрғыны ұсталғанын растады.
— Отбасы туыстарының бірі полицияға 15 жастағы студенттің мәйіті табылғаны туралы хабарлады. Оқиға орнына келген полицейлер алкогольдік масаң күйде болған күдіктіні ұстады. Сондай-ақ үйден қылмыс құралы тәркіленді, — деп хабарлады департаменттен.
Қазір тәртіп сақшылары бұл дерек бойынша кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіп жатыр. Іс Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды.
