Астана. 22 қыркүйек. BM.KZ – Әлемдегі ең үлкен түйе керуені Іле ауданының Күрті ауылдық округінде жүріп өтіп, еліміз үшін жаңа рекорд тіркелді.
Керуен құрамына мың түйе енгізіліп, арнайы дайындалған бір шақырымдық жолды жүріп өтті. Бұған дейінгі рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелген. Ол кезде тек 365 түйе қатысқан болатын. Қазақстанның көрсеткіші бұдан үш еседен аса озып, әлем назарын аудартты.
Англиядан арнайы келген Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг керуенді жіті бақылады.
«Мен мұндай көлемдегі түйе керуенін алғаш рет көріп отырмын. Бұл жетістік тек ұлттық мәдени мұра емес, бүкіл әлемдік қазына ретінде бағалануы тиіс», – деді.
Іс-шарада ұлттық нақыштағы бес киіз үй тігіліп, қонақтарға дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Сондай-ақ, эстрада жұлдыздары мен өңірлік өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Керуеннің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Патрульдік полиция, өрт сөндіру техникасы, медицина қызметі және мал дәрігерлік бақылау толық қамтамасыз етілді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін турникеттер орнатылып, көрермендердің керуенге жақындауына шектеу қойылды.
