Алматы. 20 тамыз. BM.KZ — Алматы облысында «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасына құжат қабылдау 25 тамыздан басталады.
Өтініштер Қонаев қаласындағы «Отбасы банк» ғимаратында қабылданады.
Бұл бағдарлама мемлекеттік қызметкерлерге, спортшыларға және бюджеттік сала мамандарына арналған. Несиенің ең жоғары сомасы – 30 млн теңгеге дейін деп бекітілген. Ал, пайыздық мөлшерлемесі – 5% болса, бастапқы жарна 10%-ды құрайды. Қатысушылардың Алматы облысында соңғы 24 ай бойы ресми жұмыс өтілі болуы тиіс. Сонымен қатар, өтініш білдірушінің меншігінде тұрғын үйі болмауы қажет.
Ресми мәліметке сәйкес, облыстық бюджеттен жобаны жүзеге асыруға 3,1 млрд теңге, ал «Отбасы банк» тарапынан 629 млн теңге бөлінген. Бұл қаржының есебінен 120-дан астам азамат баспанамен қамтылмақ.
