Астана. 12 желтоқсан. BM.KZ — Алматы-2 теміржол вокзалында болған жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Алматы-1 станциясындағы желілік полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы (Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркеген.
– Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді, — деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Алматы-2 теміржол вокзалында адамдар табиғи газдан уланып, 52 адам медициналық көмекке жүгінген.
ҚТЖ мәліметінше, пойыз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның қарауында емес. Бұл құрам жеке меншік тасымалдаушыға тиесілі болып шықты.
– Вагондар киностудияға түсірілім жүргізу мақсатында берілген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын тиісті органдар анықтап жатыр, — делінген хабарламада.
Ал Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға орнына 13 жедел жәрдем бригадасы жіберілген. Барлығы 52 адам, оның ішінде балалар да зардап шеккен. Олар қаладағы медициналық мекемелердің қабылдау бөлімдеріне жеткізіліп, толық тексеруден өтті.
Медициналық қызмет өкілдері 10 баланың ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. Соның ішінде екеуі жансақтау бөлімінде, қалғаны профильді бөлімшелерде ем алып жатыр. Басқа науқастар алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық бақылауға жіберілген.
– Ауруханаға жеткізілгендердің жағдайы дәрігерлердің бақылауында. Барлық науқас қажетті медициналық көмекпен толық қамтамасыз етілген, — деп хабарлады ведомство.
