«Алтын қоңыз» шынымен бедеуліктен емдеп жаза ма
Әлеуметтік желіде алтын қоңыз жайлы жарнама жалаулап тұр. «Түрлі дертке дауа» деп жарияланады. Жарнама жасаушылар бедеулікті де, белсіздікті де емдеуге кепілдік беріпті. Бүйректегі құм-тасты шайып шығатынын және зәр шығару жолдарын тазалайтын қасиетін де жазған.
Біз байланысып, аталған алтын қоңызды елдің қай бөлігінен жинайтынын сұрағанбыз. Сондай-ақ көп ауруға ем болатынын қайдан білдіңіз деп сауал жолдадық. Жауап жоқ.
Қазақстанның халық емшілері өңірлік қауымдастығының басшысы Жанболат Сәрсенбай жәндіктің жарнамасын жуырда естігенін, бірақ жарытып ештеңе білмейтінін айтты. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті де осы пікірді қуаттап отыр.