АСТАНА. 24 қыркүйек. BM.KZ – Алматыда қант диабетімен ауыратын әйел медициналық орталықтың сапасыз қызметіне шағымданып, сотқа жүгінді. Нәтижесінде моральдық және материалдық өтемақы өндіріп алды.
Алмалин аудандық №2 сотында қаралған азаматтық іс бойынша, әйел аталған клиникаға қант диабетінің асқынуларын емдету үшін жүгінген. Ол медициналық қызметке 420 мың теңге төлеген. Алайда ем-шара тиісті нәтиже бермей, жағдайы нашарлаған. Кейін басқа ауруханаға жүгінуге мәжбүр болған әйелге ота жасалып, оң аяғының бір саусағы ампутацияланды.
Пациент өз арызында сапасыз ем салдарынан айтарлықтай физикалық және моральдық зиян шеккенін атап көрсетіп, төленген қаржының бір бөлігін қайтаруды және өтемақы төлеуді талап етті.
Сот істі қарау барысында медициналық орталықтың талапты ішінара мойындағанын ескере отырып, 120 мың теңге көлемінде материалдық шығынды және 500 мың теңге мөлшерінде моральдық өтемақы тағайындау туралы шешім шығарды.
«Клиника көрсеткен ем нәтижесіз болып, науқастың жағдайы күрт нашарлады. Кейін басқа медициналық ұйымға жүгіну қажеттілігі туындап, нәтижесі ампутацияға әкеліп соқты. Салдарынан пациент айтарлықтай физикалық азап пен моральдық ауыртпалық көрді», – делінген сот материалдарында.
Шешім заңды күшіне енді.
