Ақтөбе. 25 тамыз. BM.KZ — Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Жәкібай Бисенғалиеваны мерейлі 110 жасымен құттықтап барды.
Әжей 1915 жылы 24 тамызда дүниеге келген, тыл еңбеккері. Көп жыл қазіргі Хромтау ауданында тұрған.
Әз ана әлі де тың. Әңгімесін асықпай айтып, құттықтап келген баршаға ақ батасын берді.
Жәкібай әжей екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін тартып, тылдағы ауыр еңбектің азабын арқалаған, ешқандай қиындыққа мойымаған жансебіл ана. Новороссийск ауданы ұжымшарында астық таразылап, тракторшы, кітапханашы және сауыншы болып жұмыс істеген.
Жұбайы Ғабит Бисенғалиев атамыз Ұлы Отан соғысынан бірінші топтағы мүгедек болып оралып, 1993 жылы дүниеден озған. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп, өсірді. Қарт ана қазір бейнетінің зейнетін көріп, ұл-келін, немере-шөберелерімен бірге бақытты ғұмыр кешіп келеді. Ол 3 немере мен 7 шөбере сүйіп отыр.
