Астана. 26 қаңтар. BM.KZ – Ақтөбе — Орынбор тасжолында үш көлік соқтығысты. Оқиға орнында үш жолаушы мен жүргізуші көз жұмды.
Оқиға Ақтөбе — Орынбор бағытындағы тасжолдың Қурайлы тұрғын алабы маңында болды. Үш көлік соқтығысты.
— Ақтөбе қаласынан Мәртөк ауылына қарай бағыт алған «Honda Odyssey» автокөлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шыққан. Сол кезде «Hyundai Solaris» автокөлігімен соқтығысты. Соққыдан «Honda Odyssey» бағытын өзгертіп, қарсы бағытта келе жатқан ВАЗ-2110 автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ-2110 автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Сонымен бірге «Honda Odyssey» және ВАЗ-2110 автокөліктерінің екі жолаушысы зардап шекті. Оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Ал «Honda Odyssey» автокөлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
