Ақтөбе облысы бойынша 909 бас мал үшін иелеріне 144,3 млн теңге өтемақы берілді. Арнайы комиссия әлі де жұмысын жалғастырып жатыр.
Ақтөбе облысы бойынша бүгінге дейін 3232 бас мал шығыны бар деп есептеліп отыр. Бүгінде мал өлекселері түгел жойылды.
— Бүгінгі күні 909 бас малға 144,3 млн теңге төленді. Тасқын салдарын жою мақсатында құрылған арнайы комиссия әлі де жұмыстарды жалғастырады. Шығынды есептеумен қатар өтеу де қолға алынған. Айта кетейік, су тасқыны кезінде қырылған мал өтемақысын төлеудің алгоритмі бар. Ол үшін өлексесі, сырғасы болуы керек әрі ауыл шаруашылығы базасында тіркелгені расталады. Статистика департаментінің аудандық филиал өкілдері малдың жас ерекшелігіне байланысты нарықтық бағаны айтады. Сол дерекке сәйкес малдың өтемақысы анықталады. Аудандағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою комиссиясы акті жасап, шешім шығарған соң қаржы аударылады, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, мал өлексесін өртеу үшін Ақтөбеге Астанадан инсинератор әкелінді.
Жергілікті әкімдік шығын шамамен 2,2 млрд теңге болады деп есептеді.