Астана. 19 тамыз. BM.KZ — Елордада секундына 10 Гбит/с дейінгі (10G) сымдық интернетті сынауға арналған пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жоба Huawei Technologies Kazakhstan пен «Астана Innovations» АҚ арасында цифрлық шешімдер мен телекоммуникациялық инфрақұрылымды бірлесіп дамыту туралы меморандум аясында жүзеге асырылып жатыр.
Таныстыру барысында қатысушыларға 10G PON технологиясының ерекшеліктері мен артықшылықтары таныстырылып, жаңа буындағы оптикалық терминалдар, заманауи OLT және Wi-Fi 7 стандарты көрсетілді. Демонстрациялық аймақта қонақтар интернетті жеке сынап, қосылу жылдамдығын өлшеп, сервистердің тұрақтылығын бағалай алды. Желілік сынақтар 9490 Мбит/с дейінгі жүктеу және жүктеп салу жылдамдығын көрсетті, бұл ресурсты қажет ететін сервистердің, 8K бейнеден бұлттық ойынға дейін тұрақты жұмыс істеуі үшін жеткілікті.
«Астанада 10G технологиясын іске қосу – жаңа буын цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыруға стратегиялық қадам. Біз үшін инновациялардың сынақтан практикалық қолдануға тез ауысуы және қала тұрғындары мен бизнестерге нақты пайда әкелуі маңызды. Бұл жоба Астанада заманауи сервистерді енгізудің негізі болады деп сенемін, олар қаланың инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтереді», — деді «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали.
Пилоттық жобаға қала тұрғындары 2025 жылдың 19 қыркүйегіне дейін қатыса алады. 10G интернетті сынау Достық к-сі, 8/1 мекенжайы бойынша Forte коворкингінде дүйсенбіден жұмаға дейін, сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жүзеге асырылады.
Айта кетейік, 10G PON – бұл секундына 10 гигабит жылдамдыққа дейінгі сымдық интернет. Оның 4G және 5G ұялы байланыс стандарттарынан айырмашылығы, «10» саны технологияның буынын емес, деректерді тасымалдау жылдамдығын білдіреді.
