Астана. 2 қараша. BM.KZ — Астанада түнгі рейд кезінде полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарған судьяны ұстады.
Тексеру барысында жүргізушінің азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы екені анықталған. Қазір ол сараптамаға жіберіліп, автокөлігі айып тұрағына қойылды.
Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға рейд кезінде болған. Патрульдік полиция қызметкерлері Mazda маркалы автокөлігін тоқтатып, жүргізушінің жағдайына күмән келтірген. Медициналық сараптама нәтижесінде әйелдің алкогольдік мас күйде болғаны дәлелденді.
— Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылып, тексеру жүргізіліп жатыр. Көлікті мас күйінде басқару – заңның өрескел бұзылуы және айналадағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мұндай құқықбұзушылықтар қатаң түрде тоқтатылады, – деп мәлімдеді Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматқа қатысты қызметтік тексеру басталды.
Құқық қорғау органдары атап өткендей, мас күйінде көлік басқару фактісі бойынша жауапкершілік барлық азаматтарға бірдей қолданылады – заң алдында ешкімнің артықшылығы жоқ.
