Астана. 5 қыркүйек. BM.KZ — Елордада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қатарына күзгі әскерге шақырылушылардың бірінші легін салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Бүгін Зайсан ауданы бойынша шекара басқармасына мерзімді әскери қызмет өткеруге елорданың 22 тұрғыны жіберілді.
Азаматтар қызмет ететін әскери бөлімнің жүз жылдан астам тарихы бар және мемлекеттік шекараның негізгі тіректерінің бірі болып саналады.
Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықовтың айтуынша, 2025 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына 22 мыңнан астам қазақстандық, оның ішінде Астанадан 1 200-ден астам жас жіберіледі.
«Әскердегі қызмет – нағыз батылдық, патриотизм, тәртіп және командалық рух мектебі. Бұл шынығу ғана емес, рухты да қатайтатын, жас жігітте өз елінің игілігі үшін қызмет етуге жауапкершілік пен дайындықты қалыптастыратын жол», – деді ол.
