Астана. 15 қараша. BM.KZ — Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бірлескен жобаларды іске қосу рәсіміне қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бейнебайланыс арқылы екі елдің бірлескен жобаларын іске қосу рәсіміне қатысты.
Тараптар өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 миллиард доллар болатын 7 жоба әзірлеген.
Мемлекеттер басшылары символикалық түймені басып, бірнеше жобаны бастап берді.
Атап айтқанда, Сырдария және Түркістан облыстарында «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы, Ташкентте «Tenge Bank» бас кеңсесі қызметіне кірісті. Сондай-ақ, Ташкент облысында көпбейінді логистика орталығының, Жаңа Ташкентте «Астана» тұрғын үй орамының, Қашқадария облысында алкилбензол өндіретін мұнай-газ химиясы кешенінің, Жаңа Ташкентте «Астана» қонақ үйінің, ал елордамызда «Ташкент» қонақүйінің құрылысы басталды.
