Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалы мен жергілікті әкімдік Жайық өзені бойынша келген тасқын суын Каспий теңізіне бағыттау үшін 14,5 шақырым қосымша канал қазып жатыр. Бұл Атырау қаласы арқылы өтетін су көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Арнаның тереңдігі 2 метр, ені 7 метрден асады.
Айта кетейік, Атырау облысына келетін суды «Қазсушар» мекемесінің қарамағындағы 4 негізгі арна қабылдайды: Соколок, Сарыөзек, Бақсай және Нарын. Бұл каналдар арқылы да су Каспийге жіберіледі. Мұнда Ресейдің Сақмара өзені мен Иреклі су қоймасынан жіберілген суды қабылдауға қарқынды дайындық жүріп жатыр. Бұл су сәуірдің аяғында немесе мамырдың басында келеді деп болжанып отыр.