Атырау қаласында тағы балық қырылып жатыр. Су маржандарының өлексесі Сарыөзек каналынан анықталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қырылған балықтың бейнежазбасын атыраулық журналист, белсенді Виктор Сутягин әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған.
Атырауда балық бірінші рет қырылып тұрған жоқ. Енді мұндай жағдай Сарыөзек каналынан да анықталып отыр. Көктемде бұл өзен пен Соколок каналын тасқынға жауаптылар қалаға ағынды жібермеу үшін қолданған. Соның арқасында мол судың теңізге құйылатынына сендірді. Дегенмен космостан түсірілген бейнежазба тарап, судың теңізге жетпей, далаға кетіп жатқаны байқалды. Енді жер-жерде су маржандарының қырылып жатқаны анықталып жатыр. Белсенділер осындай жағдай боларын ескертіп, су тасқыны басталғаннан бері шырылдаған еді. Шара қолдану керектігін айтты,-дейді Виктор Сутягин.
Бейнежазба тарағанда ғана қимылдаған әкімдіктегілер, аумаққа жауапты мамандардың жіберілгенін айтты. Кейін комиссия құрылып, сынама алынған.
Осы жылдың 5-тамыз күні мынау Атырау қаласы Сарыөзек су айдынынан халық аузында Бес тал аталып кеткен маңнан балық өлімі фактісі орын алды. Бүгін арнайы құрылған комиссиямен осы жерге келіп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Экология департаменті судың сынамасын алып, сараптама өткізді. Енді қазір комиссияның алдын ала болжамы бойынша бұл жәйт судың деңгейі төмен түсіп кетуіне байланысты оттегі жетіспеуінен болды деген болжам жасадық. Енді атап өтетін болсақ, мына Сарыөзек каналына негізгі балық кірмейді. Ол осы көктемдегі ТЖД кезінде Жайық өзенінің суы тасып, осы Сарыөзекке кіріп, содан балық шабақтар кіріп, солар қалып қойған. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен осы Атырау қаласы әкімдігімен балықтарды құтқару және өлекселерді санитарлық талаптарға сай жою жұмысы жүргізіледі. Нақты көлемі жиналып болғасын хабарланады,-деді Атырау облыстық табиғи ресурстар жане табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Артур Сәдібекұлы.
Айта кетсек, балық өлімі бұған дейін қала іргесіндегі Теплый арнасынан да анықталған еді. Шабақтарды құтқару жұмыстары Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл ауылында да жүріп жатыр.