Астана. 17 қаңтар. BM.KZ – Іс бойынша басты күдікті – 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев, ол отбасының күйеу баласы.
Атырау облысы, Жангелдин ауылында хабар-ошарсыз кеткен Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны іздеуге байланысты жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
ТЖД мәліметінше, құтқару бөлімшелері Атырау облысы полиция департаментінің ресми сұранысы негізінде іздеу жұмыстарына тартылып, елдімекен аумағын тексеруге көмектескен.
«Полиция белгілеген барлық аумақ толықтай тексерілді. Қазір полиция департаментінен іздестіру жұмыстарын жалғастыруға қатысты жаңа бағдарлау немесе сұраныстар түскен жоқ», – деп хабарлады ТЖД.
Іс бойынша басты күдікті – 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев (суретте), ол отбасының күйеу баласы. Ол жұбайы Ақбаянның ата-анасын өлтірді және басқа туыстарын ұрлап кетті деген күдікке ілінген.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Сәрсемәлиев жұбайымен бірге шетелде болуы мүмкін. Тергеу деректеріне сүйенсек, ерлі-зайыптылар Бали аралында жасырынуы ықтимал. Қазір олардың кәмелетке толмаған бес баласына күдіктінің анасы қарап отыр.
Бұған дейін отбасы үйінің шаруашылық құрылысының ішінен Мақсұт Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері табылған еді.
Хабар-ошарсыз кеткен Ақбаянның бауыры мен әпкесі – Наурыз бен Мейрамгүлді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Олардың қайда екені әлі күнге дейін анықталған жоқ.
