Астана. 22 қаңтар. BM.KZ – Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына өтті.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 77-ракеткасы, франциялық Варвара Грачевамен бетпе-бет келді.
Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, екеуінде де Рыбакина жеңген еді.
Бұл жолы матч Рыбакина үшін қиын басталды. Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Грачева брейк жасап кетті – 3:1. Е.Рыбакина қатарынан төрт гейм алып, 5:3 есебімен алға шыққанымен, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен тағы бір брейкпен тәмамдады — 7:5.
Екінші сетте есеп 2:1 болғанда, қазақстандық теннисші брейк жасады. Содан кейін кездесуді брейкпен түйіндеді – 6:2.
Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Грачева 3 эйс, 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) ерекшеленді.
