9 қыркүйекте V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақтан сынға түсіп жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының үш бірдей спортшысы финалға өтті, деп хабарлайды Баймедиа.кз.
Аударыспақ ипподром маңындағы этноауылда өтіп жатыр. Жарысқа 9 мемлекеттен, 64 спортшы тіркелді. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей. Қазақстан намысын қорғап жатқан Ермек Құралбай (60 келі), Алмат Ләтіпбек (70 келі), Дарын Өткелбай (80 келі) финалға шықты.
«Жақсы дайындықпен келдік. Финалдағы қарсыласым – былтыр ат үстіндегі күрестен 60 келіде чемпион болған қырғыз палуаны. Ел намысын қорғап, бірінші орын аламыз деген үміттемін», – деді аударыспақтан ұлттық құрама спортшысы Ермек Құралбай.
Айта кетейік, 10 қыркүйекте Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев сынға түседі.