• RUS
  • Біз туралы
  • Байланыс
Menu
  • RUS
  • Біз туралы
  • Байланыс
Facebook Instagram TikTok Telegram YouTube
  • QAZ
  • RUS
  • Басты
  • Саясат
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Спорт
  • Әлем
  • Төтенше жағдай
  • Қоғам
  • Қылмыс
Menu
  • Басты
  • Саясат
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Спорт
  • Әлем
  • Төтенше жағдай
  • Қоғам
  • Қылмыс
RUS
Главная страница » «Ауғанстан – бұл ерлердің елі» – гуманитарлық миссия дәрігері

«Ауғанстан – бұл ерлердің елі» – гуманитарлық миссия дәрігері

27 ноября, 2025 Әлем
Кабул маңындағы босқындар лагері. Сурет Руслан Әбіловтің жеке мұрағатынан

Шектен тыс кедейлік, сұмдық антисанитария, жарық пен интернеттің үздік-создық жұмыс істеуі, аса қажет медициналық жабдықтың жоқтығы – мұның бәрін апаттан қираған Ауғанстанда гуманитарлық миссия атқарып жүрген қазақстандық дәрігерлер өз көздерімен көрді.

«Ауғанстанда жүргенде, 90-жылдардағы ауыр кездерде қалай жұмыс істегеніміз есіме түсті».

Қазақстан өз тарихында алғаш рет Ауғанстанға гуманитарлық миссия жіберді. Біздің республикамыз – ондаған жылдар бойы азаматтық соғысты бастан кешіп, екі рет интервенцияға ұшырап, бірнеше революциялар мен төңкерістерді бастан кешкен ең кедей елдің көмек сұраған үндеуіне жауап қатқан санаулы мемлекеттердің бірі.

Гуманитарлық жүктен бөлек, Кабулға политравмалар мен шұғыл жағдайларда жұмыс істеу тәжірибесі бар қазақстандық дәрігерлер барды. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін республикалық медициналық орталықтардан үш команда аттанды.

Академик Батпенов атындағы ҰТО-ның күрделі травматология-ортопедия, жарақат салдары және комбустиология бөлімінің меңгерушісі Руслан Әбілов BM.KZ тілшісіне ауған ауруханаларында жұмыс істеудің қандай болатыны, сондай-ақ балалар клиникаларындағы жаға ұстатар жайттар мен елден қашуға көмектесуін өтінген пациенттер туралы айтып берді.

Руслан Әбілов
Фото: nscto.kz

– Руслан Сартайұлы, гуманитарлық миссия қаншалықты ауыр болды?

– Қиындықтар бірден басталды. Өздеріңіз білесіздер, Ауғанстан – жабық ел, оған оңайлықпен ұшып бара алмайсыз. Соғыс енді ғана аяқталған. Сондықтан елдегі жағдай да оңай емес.

Бірден айтқым келеді, біздің миссия елшіліктің көмегінсіз мүмкін болмас еді. Ауғанстандағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Газиз Ақбасовқа және басқа да дипломаттарға ерекше алғыс айтамын. Олар логистиканы ұйымдастырды, тілдік кедергілерді жойды.

10 күнде шамамен 40 операция жасадық. Біздің командамыздың өзі 23 операция жасады, оның ішінде 19-ы өте күрделі болды. Бұдан бөлек, амбулаторлық деңгейде 100-ден аса ауыр жағдайдағы науқастарды қабылдадық.

Біз өзімізбен бірге бірнеше Илизаров аппараттарын алып бардық – орнаттық, баптауларын реттедік және белсенді пайдаландық. Кабулдан бөлек, біз қала маңындағы босқындар лагерінде де болдық.

– Тілдік кедергіні қалай еңсердіңіздер?

– Біріншіден, көптеген ауғандар ағылшын тілінде сөйлей алады. Ал біздің елшілік дари және парсы тілдерін білетін аудармашыларды берді. Олар әрдайым жанымызда болды. Олардың көмегінсіз жоспарланған барлық нысандарға бара алмас едік, себебі елдегі жағдай шиеленіскен. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, бір жыл бұрын олардың жұмыстан үйге аман-есен оралуы екіталай болған.

Сурет Руслан Әбіловтің жеке мұрағатынан

— Ауғанстанда сіздер көбінесе қандай операцияларды жасайтын едіңіздер, және ең қиыны қайсысы болды?

– Операциялар әртүрлі болды, бір бағытты бөліп айту қиын. Көп жағдайда техногендік және табиғи апаттардың салдарымен жұмыс істедік. Соғыс салдары да болды. Кездескені – шайқастағы жарақаттар, ашық және күрделі сынықтар, жалған буындардың қалыптасуы, остеомиелиттер. Миналы-жарылыс жарақаттарымен жұмыс істеуде біз өте құнды тәжірибе алдық. Мен травма салдары және комбустиология бөлімін басқарғандықтан, травматология мен ортопедия негізінен менің мойнымда болды. Ауғанстанда бұл саламен айналысатын дәрігер өте аз.

– Өз құрал-жабдықтарыңызды алып бардыңыздар, ал ауған ауруханаларындағы жабдықталу деңгейі қандай екен?

– Дәрігерлердің дайындығы жақсы деңгейде, алайда жабдық жағы ақсап тұр. Құрал-жабдықтар ескірген. Екінші мәселе – электр қуаты. Бұл әсіресе қуатқа тәуелді және диагностикалық жабдықтармен жұмыс істегенде қатты байқалды. Кернеу жетпей, аппараттар қосылмай қалатын. Қосылса да, істен шығуы мүмкін. Кернеудің құбылуы қатты сезіледі. Көп операцияны өз құралдарымызды пайдалана отырып, қолмен жасадық. 90-жылдардағы қиын жағдайларда жұмыс істеген кезімізді жиі еске алдық. Мұндай миссияларға Қазақстандағы сын сағаттардан өткен тәжірибелі мамандар баруы керек. Ауғанстанда жағдай одан да күрделі.

Сурет Руслан Әбіловтің жеке мұрағатынан

«Мен – қоңыратпын, мені бұл жерден алып кетіңдер!»

– Ол жақта санитария мәселесі қалай екен?

– Өте нашар! Оларда санитарлық қызмет мүлдем жоқ. Стерильдік деген ұғым шартты түрде ғана бар. Әскери-дала хирургиясы десе болады. Бұл мәселелерді әрине, ауған әріптестерімізге айттық. Олар қабылдады, өзгерте бастады. Бұған дейін операциялық бөлмеге науқастың туыстары еркін кіре алатын. Тіпті операция үстеліне жақындатып, мәселені көрсетіп түсіндіретін. Бұл – олардың менталитетінің ерекшелігі.

Су мәселесі бар. Крандағы суды тіс тазалауға да қолдануға болмайды. Орталықтандырылған су мен жылу жүйесі жоқ. Ауруханада тек суық су болды.

– Ауғанстанда тұратын қазақтар аз емес. Сіздің пациенттеріңіз арасында болды ма?

– Ауғанстанда қазақтар көп қалған жоқ. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында олардың көбі тарихи Отанына оралды. Елшілік те оларды белсенді қолдайды. Онда көбіне Қазақстанға көшкісі келмеген бірнеше отбасы қалған. Мысалы, бүкіл өмірін Ауғанстанда өткізген қария. Ол өзін Қазақстанда елестете алмайды. Бұл тұрғыда Қазақстан басқа елдерден бір бас жоғары. Себебі ол жерде қырғыздар да, өзбектер де бар, бірақ оларда мұндай бағдарламалар жоқ. Олар қаласа да Ауғанстаннан шыға алмайды.

Сурет Руслан Әбіловтің жеке мұрағатынан

– Елден қашуға көмектесуді сұрағандар болды ма?

– Иә, ондай жағдайлар болды. Бірақ ол біздің өкілеттігімізге кірмейді. Біз тек емдеу үшін бардық. Босқындар лагерінде жүргенде мұндай өтініштер көп болды. Мысалы, өзбектер бізді қоршап алып, әртүрлі сұрақтар қойды. Олармен тілдік кедергі болған жоқ: біз қазақша, олар өзбекше сөйлейді. Қырғыздарды да кездестірдік. Біреуі бізге: «Қазақтарда қоңырат руы бар ғой, біз де қоңыратпыз. Мыннан алып кетіңіздерші» деп жалынды.

– Ауған дәрігерлері арасында Қазақстанда білім алғандар болды ма?

– Иә. Олардың арасында Шымкентте, Алматыда оқығандар бар. Ресейде, Өзбекстанда білім алғандар да кездесті. Бұл бізге көп көмектесті. Кейбіреулері қазақ, өзбек, орыс тілдерін білетін. Ауғандардың бір ерекшелігі – олар тілді өте тез үйренеді. Бір ай сөйлессе жеткілікті, сол тілде еркін сөйлей бастайды. Тіпті кішкентай балалар да ағылшынша біледі. Ешкім оқытпаса да, құлақпен тез қабылдайды.

14 жаста ана атану – ауған қыздары үшін қалыпты жағдай

– Ауған нормалары ер адамнан басқа ешкімнің әйелге қол тигізуіне рұқсат етпейді. Әйелдерді емдеуге тура келді ме?

– Негізінде, әйел пациенттерге жанасуға тыйым болған жоқ. Ауғанстанның бас травматологы профессор Вардак үлкен беделге ие, бізбен бірге жүрді, барлық жерде қолдады. Сондықтан ешқандай қақтығыс болмады. Бізге толық сенім артты.

Одан бөлек, мен мұндай алғысшыл пациенттерді көптен көрмеппін. Олар сыйлық бергісі келді, бірақ бізге ауған жағынан сыйлық алуға тыйым салынған. Соған қарамастан, олар алғыс айтуға тырысты. Ауғандардың тағы бір қасиеті: егер сіз жақсылық жасасаңыз – оны өмір бойы ұмытпайды. Таяқтың екі ұшы бары секілді, жамандық жасасаңыз да ешқашан ұмытпайды.

Біздің миссия дипломатиялық тұрғыдан осы жақсы ниетті қалыптастыру үшін ұйымдастырылды. Ертең бір түсініксіз жағдай болса, олар Қазақстанды және біздің жасаған жақсылығымызды еске алу үшін. Онда нан жеген ерекше әсерлі болды – оның біздің бидай ұнынан жасалғанын білу одан сайын қуантады. Олар да біледі, есінде сақтайды.

Сурет Руслан Әбіловтің жеке мұрағатынан

– Осындай қиын-қыстау жағдайда азық-түлікті қалай алдыңыздар? Жергілікті өнімдерді тұтындыңыздар ма?

– Тамақтану мәселесін де елшілік қамтамасыз етті. Біз дүкендерге барған жоқпыз. Қозғалысымыз қатаң реттелген. Брондалған жол талғамайтын көліктермен, күзетпен жүрдік. Барлығы кинодағыдай – «А» пунктінен «Б» пунктіне дейін. Біздің күзеттен бөлек, ауған тарапы да күзет бөлді. Тамақ табиғи, өте дәмді. Неге? Өйткені олар селитра қолданбайды. Ол тыңайтқыш қана емес, бомба жасауға да қолданылатын жарылғыш зат.

Ет те өте дәмді, бірақ қымбат. Біз етсүйер халық болғандықтан, олар соңғысын берсе де етпен тамақтандырды. Бұл да ауғандардың бір қасиеті – өзі аштан қатса да, қонағына соңғысын береді, сіз одан бас тартсаңыз тіпті ренжиді. Мыңдаған жылдар бойы соғысқанымен, олардың жүрегі қатайып кетпеген, бір-біріне адамдық қарым-қатынасты сақтап қалған.

– Ауған дәрігерлері қанша табыс табады?

– Өте төмен жалақы алады. Айына 100 доллар. Ал біз тегін жұмыс істедік, бұл – гуманитарлық миссия. Тіпті бару-келуімізді біздің аурухананың қоры қаржыландырды. Айтпақшы, банктік карталар жұмыс істемейді, тек қолма-қол есеп айырысу.

Сурет Руслан Әбіловтің жеке мұрағатынан

– Интернет қолжетімділігі қалай?

– Қонақүйде Wi-Fi болды, бірақ өте әлсіз. Бірқатар әкімшілік аймақтарда интернет мүлдем өшіріліп тұрады – арнайы тосқауылдар қойылған.

– Сізге ерекше әсер еткен оқиғалар болды ма?

– Балалар ауруханасына барғанымыз қатты әсер етті. Ауғанстанда орташа өмір сүру ұзақтығы – 40 жас. Сондықтан жастарда жыныстық жетілу ерте басталады. 14 жастағы қыздың баласы барын көргенде қатты күйзеліске түстім. Оның баласы да ауру. Ерте некелер өте көп. Соның салдарынан шала туған балалар көп. Туыстық некелер де бар, салдарынан туа біткен патологиялар көп. 20 туған баланың 11-і бірден шетінейді. Бала өлімі өте жоғары.

Әйелдер медициналық қызметтен шектелген. Акушерлік-гинекология саласы қиын жағдайда. Өйткені әйел дәрігерлер аз, жоқтың қасы. Ер адамдар бұл саламен айналыспайды. Әйелдер екінші қатарға ығыстырылған. Бұл – ер адамдардың елі.

Сурет Руслан Әбіловтің жеке мұрағатынан

– Сіз ауған халқын сондай жылылықпен еске алып отырсыз… Сол жақта тағы да жұмыс істегіңіз келе ме?

– Келесі жылы Кабулда ғылыми конференция жоспарланған. Бізді шақырды. Біз де оларды шақырып жатырмыз. Бірлесіп талқылайтын мәселе көп. Сондай-ақ олардың қаржылық шығынын азайта отырып, күрделі жағдайларды шешуге мүмкіндік беретін бірнеше әдіс-тәсілдер мен технологияларымыз бар.

– Бүгінгі Ауғанстаннан қандай әсер алдыңыз? Болашағы қандай деп ойлайсыз?

– Оларда даму үшін барлық алғышарттары бар. «Ауғанстанды кім басқарса, Азияны да сол басқарады» деген сөз бар ғой.

Сурет Руслан Әбіловтің жеке мұрағатынан

Темірлан Құспаев,
BM.KZ
Астана

Ауғанстан Газиз Ақбасов дәрігер Кабул Руслан Әбілов

Оқылып жатыр

2025 жылы 16,8 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Қазақстанда бүгін қай жолдар жабық

Қазақстандық ұшақтар Иранды айналып ұшатын болады

ТОП посты

Қалаға айналатын ауылдар тізімі

19 марта, 2024839 рет оқылды

Апатты аймақтың тұрғындары елеусіз қала бере ме ?

26 февраля, 2024676 рет оқылды

Әкімдер қатаң сөгіс алды

30 марта, 2024548 рет оқылды

«Су емес у ішіп отырмыз» Түркістандықтардың жан айқайы

24 марта, 2024510 рет оқылды

Оразаға бір апта қалды: нені білу қажет

3 марта, 2024471 рет оқылды

Экологиялық эмиссия салығын көбейту керек

14 марта, 2024451 рет оқылды

Жиырма бес мың жетімнің көз жасы!..

4 марта, 2024436 рет оқылды

Құс фабрикасы немесе адам өмірі?

1 августа, 2024334 рет оқылды

Қазақстан қаптаған ескі қарулар мен әскери ұшақтарын сатып жатыр

17 марта, 2024328 рет оқылды

Қоянды әкімдігі қыста қар тазалауға 30 млн тенге бөлген

31 марта, 2024312 рет оқылды
Новости

2025 жылы 16,8 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Басты тақырып 28 января, 2026

Астана. 28 қаңтар. BM.KZ – 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16 805 этникалық қазақ тарихи отанымен…

Қазақстанда бүгін қай жолдар жабық

28 января, 2026

Рыбакина жартылай финалға өтті — Australian Open

28 января, 2026

Жамбыл облысында мерзімді әскери қызметтегі сарбаз көз жұмды

28 января, 2026

Алматы әуежайында 6,8 млрд теңге көлемінде дивидендтер заңсыз төленген

27 января, 2026

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі тағайындалды

27 января, 2026

Қазақстандық ұшақтар Иранды айналып ұшатын болады

27 января, 2026

Светлана Жақыпова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан босатылды

27 января, 2026

Бағалар күрт өсті, халық наразы: Қазақстан экономикасында не болып жатыр?

27 января, 2026

Олжас Бектенов Kazakh Tourism басшысына: Нәтиже болмаса, қоштасамыз

27 января, 2026

Қарашығанақ операторлары Қазақстанға 4 млрд доллар өтемақы төлеуі мүмкін

27 января, 2026

Өңірлер әлеуметтік маңызы бар көкөністер мен жүгері егісін ұлғайтады

27 января, 2026

Оралда 16 жастағы жасөспірім алты күннен бері іздестіріліп жатыр

27 января, 2026

Геннадий Головкин Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті

27 января, 2026

Семейде ер адам полицейлердің екі көлігін өртеп жіберген

27 января, 2026

Үндістанның ірі әуе компаниясы Алматыға рейстерін тоқтатты

27 января, 2026

Мемлекет басшысы: тәртіпсіздік пен заңсыздыққа жол беруге болмайды

26 января, 2026

Қазақстанда Нипах вирусына байланысты санитарлық бақылау күшейді

26 января, 2026

Алматыда дәрігерлер жүкті әйелдің жүрегіне ота жасады

26 января, 2026

Атырауда күкіртсутек мөлшері рұқсат етілген деңгейден 36 есе асып кетті

26 января, 2026
Бізге жазылыңыз
  • Facebook
  • Instagram
  • YouTube
  • TikTok
  • Telegram
Мерзімді баспасөз басылымын, ақпарат агенттігін және желілік басылымды есепке қою туралы КУӘЛІК №KZ59VPY00114494 Берілген күні: 11.03.2025 Астана қ.
Ақпарат агенттігін есепке қою туралы КУӘЛІК №KZ59VPY00114494 Берілген күні: 11.03.2025 Астана қ.

Пайдалы сілтемелер

  • RUS
  • Біз туралы
  • Байланыс
  • RUS
  • Біз туралы
  • Байланыс
Сайт картасы
  • Басты
  • Саясат
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Спорт
  • Әлем
  • Төтенше жағдай
  • Қоғам
  • Қылмыс
  • Басты
  • Саясат
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Спорт
  • Әлем
  • Төтенше жағдай
  • Қоғам
  • Қылмыс
Әлеуметтік желілер
Facebook Instagram TikTok Telegram YouTube

Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.