Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының жанынан Әйелдер кеңесі құрылды. Жаңа ұйымның мақсаты елдегі экологиялық мәселелерді шешуде әйелдердің рөлін күшейту және елдің тұрақты дамуына үлес қосу.
Алғашқы форумда астана қаласының әйелдері мен партияның 20 өңірінен зум арқылы жүзден астам нәзік жанды қатысты. Біздің мақсат – экология мен тұрақты дамудағы әйелдердің көшбасшылығын ынталандыру, отбасы бақыты мен бала денсаулығын сақтауда жан-жақты шешім қабылдау, — дейді олар.
Шара барысында партия жанынан құрылған Әйелдер кеңесінің төрағасы ретінде Қарлығаш Жақсыбаева сайланды. Ол экологиялық саясатта әйелдердің мүдделерін, құқықтарын қорғау және оларды тұрақты дамту жолында бірқатар бастамаларды қолға алатынын айтты.
Дөңгелек үстел қатысушылары қазіргі қоғамға мұндай кеңестің қажеттілігін алға тартып, оның болашағына сеніммен қарады. Зум арқылы қатысқан өңір әйелдері де бұл кеңестің алғашқы қолға алуы тиіс мәселелерін айқындауға сеп болды. Олар табиғатты қорғау, қоршаған ортаны қоқыстан тазарту мен оның алдын алу жолдарын, балалар денсаулығына әсер ететін факторларды көтеріп, әйелдердің осы бағытта жұмыс бастауына өтініш білдірді.
Республикалық әйелдер кеңесінің мүшелері желтоқсан айына дейін «Әйелдер жасыл қалалар үшін» жобасының іске асырып, ол жерде де қолға алынатын стратегиялық мақсаттарды айқындады.